Рақымшылық жасау туралы Заң қолданыста

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2016 жылдың 12 қаңтарында Шиелі аудандық сотында «Рақымшылық жасау туралы Заң қолданыста» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға аудандық соттың судьялары, аудандық прокуратура, пробация қызметі бөлімі, ЗК-169/4 мемлекеттік мекемесінің өкілдері және заң консультациясының адвокаттары қатысты.

Дөңгелек үстел барысында аудандық сот судьясы А.Түбекбаева баяндама жасап, өз сөзінде 2016 жылдың 13 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бас жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, аталған Заң алғашқы  ресми жарияланған күннен бастап қолданыста екенін, рақымшылық жасау мемлекеттің ізгі ниетінің көрінісі екенін атап өткен Президент Н.Ә.Назарбаев оның 28000 жуық адамға қатысты қолданылатынын айтқанын көрсетті.

 Судья Рақымшылық Заңы ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал адамдарға, кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдер немесе кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдарға, мүгедектерге, қарт кісілерге қатысты қолданылатынын, сонымен қатар болмашы зиян келтірген, қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қатысты қолдынылып, олардың жазадан босатылатынын  атап өтті.

Аталған адамдар қатарына енбейтін, ауырлығы орташа қылмыстар үшiн сотталып,  бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазасын өтеп жатқан және пробациялық бақылаудағы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 63-бабы қолданыла отырып, сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза тағайындалған адамдар жазадан босатылатынын жеткізді.

Судья А.Түбекбаева Рақымшылық Заңы негізінде жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін ауыстыру, жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін қысқарту мәселелеріне, рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдарға тоқталып, рақымшылық жасауды қолдану шарттарын, аталған Заңды қолдану тәртібі мен оның орындалу мерзімін түсіндірді.

Шара барысында дөңгелек үстелге  қатысушылар өз тараптарынан Рақымшылық Заңын қолдану барысында туындаған сұрақтарын ортаға салып, талқылады.  

Источник: 
Шиелі аудандық сотының баспасөз қызметі