Сот тарихы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Бүгінде егеменді еліміздің сот саласы - қауқарлы да қуатты, тәуелсіз біртұтас жүйеге айналып келеді. Бұл жұмыс талай уақыттан бері атқарылып келе жатқан сот-құқықтық реформалардың берген нәтижесі деп нық сеніммен айтуға болады. Қазақстандағы әділеттіліктің салтанат құруы мен тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасу жолында көптеген жұмыстар атқарылғаны белгілі.

Мұның ішінде Республика сот жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде тарихтан орын алатын Қызылорда облыстық сотының да үлесі бар.

Қызылорда дербес облыс ретінде 1938 жылы құрылған. 1938 жылға дейін он жыл бойы облыс көлемінде ҚазАКСР Халықтық Әділет комиссариатына бағынысты округтік сот жұмыс істеген.

Округтік сот Заңмен белгіленген істерді жүргізу жөніндегі бірінші сатыдағы, ал бағынысындағы халық соттары ісі жөніндегі екінші сатыдағы сот болып бөлек есептелді. Аталмыш соттың құзырына Қызылорда, Қазалы, Арал қалалық және 140 елді мекендерді қамтыған Қызылорда, Шиелі, Қараөзек, Қазалы, Қармақшы, Қарсақпай, Аламесек аудандарының соттары қарады. 

Облыстық соттың жаңа тарихи кезеңі жоғарыда аталғандай 1938 жылдың 15 қаңтарында Қызылорданың облыс ретінде құрылуымен байланысты.

Сол 1938 жылдың 4 наурызында облыстық соты құрылды. Осы кезеңнен бері Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялағанға дейінгі уақытта отандық сот жүйесі бірнеше мәрте реформаланып, өзінің тарихи даму кезеңдерінен өтті. Жаңадан құрылған Қызылорда облыстық сотының алғашқы төрағасы болып 1938 жылдың 4 наурызында Ақдәулетов, төрағаның орынбасарлары болып Өтеулин, Бөкенбаев, А.Досамбаев тағайындалған.

1939 жылдың 7 қыркүйегінен 1940 жылдың 21 наурызы аралығында облыстық сот төрағасы міндетін Мұхамедалин, оның орынбасарлығын С.Қуанов атқарған. Бұдан кейін алты ай мерзімге 1940 жылдың 6 қыркүйегіне дейін С.Қуанов облыстық соттың төрағасы болған. 
Ал, 1940 жылдың 4 тамызынан сол жылдың 8 қазан аралығындағы қысқа мерзімде төрағалық қызметті Подобетов атқарған.

1940 жылдың 6 қыркүйегінен үш айдай мерзімге төрағалықты А.Досамбаев атқарып, орынбасарлары С.Қуанов, Самаевтар болды. Осы жылдың 18 қарашасында облыстық сот төрағалығына Иманғалиев, орынбасарлары болып А.Досамбаев, Самаев тағайындалған.  Иманғалиевтан кейін, архив құжаттарына үңілсек, 1940 жылдан 1947 жылдың 10 желтоқсанына дейін облыстық соттың төрағасы болып Ш.Әбжанов ұзақ жыл қызмет атқарған. 

1947 жылдың 10 желтоқсанынан облыстық сот төрағасы болып Түменов, 1952 жылдың 25 мамырына дейін орынбасарлары болып Молдалиев, Пак қызмет атқарған. 

1952 жылы басшы құрам түгел жаңартылған, төрағасы болып Жұбанышев, орынбасарлығына К.Жайсанбаев, Ж.Берденовтер тағайындалған. 

1955 жылы басшылық толық ауыстырылып, төрағалықта С.Елшібаев, орынбасарлықта Ж.Құлымбетов, И.Мұстафин, К.Ботабаевтар он алты жыл бойы, 1971 жылға дейін болған. 

1971 жылдың 20 қаңтарынан 1973 жылдың 25 сәуіріне дейін облыстық сот төрағасы болып И.Сейітов, орынбасарлары болып Ж.Құлымбетов, Т.Югай қызметтер атқарған. 

1973 жылдың 18 маусымында төраға болып Ж.Ерімбетов тағайындалған. Ол орынбасарлары Ж.Құлымбетов, Д.Жансүгіров, Т.Югай, Т.Ғаниевпен 1987 жылдың 4 шілдесіне дейін он төрт жыл бойы төрағалық қызмет атқарған. 

Облыстық соттың басшылық құрамы 1987 жылы қайта өзгертіліп, төрағалығына Ө.Ыхсанов, орынбасарлары болып А.Әбілқасымов пен Б.Сариев тағайындалады. 

Еліміз егемендікке қол жеткізіп, өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялаған кезеңде, яғни 1991 жылдың 12 наурызында облыстық сот төрағасы болып Б.Асқаров, орынбасарлары болып Б.Сариев пен Ғ.Шыңғысова тағайындалып, 1995 жылдың 20 қазанына дейін қызмет атқарады. Мұнан соң облыстық соттың төрағасы болып М.Ыбраев, алқа төрағалары қызметін Б.Асқаров, Ғ.Шыңғысова, Б.Сариев, Ә.Елібаевтар атқарған.

Облыста шаруашылық істерді 1995 жылдың 20 қазанына дейін мемлекеттік арбитраж, төрелік сот қарап келген еді, кейіннен олар облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасына біріктірілді.

Егемендік алғаннан кейінгі сот жүйесін реформалау аясында жасалған оң өзгерістер Қызылорда облыстық сотын да айналып өткен жоқ. Тәуелсіз ел басшыларының сот жүйесін құру бағытындағы бастамалары облыстық сот саласына айтулы жаңалықтар мен серпілістер әкелді. 1991 жылы 12 наурызынан бастап 2002 жылға дейін облыстық сот төрағалығы қызметінде Б.Асқаров, М.Ыбраев, Б.З.Сақаловтардың бірқатар білікті де білімді заңгер ағаларымыз, ал олардың орынбасарлары болып Б.Сариев, Г.Шыңғысова, Ә.Елібаевтар Қызылорда облыстық сотының қалыптасуына өз үлестерін қосты.

Облыстың соттарында қызмет атқарған И.Тоқболатов, В.М.Борисов, Г.Дүйсенбаев, С.Баймахановтар ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болды.

Отандық заң жүйесі халықаралық құқық субъектісіне айналды. Облыстық сот төрағаларын, алқа төрағаларын, судьяларды Президент тағайындауына байланысты, енді оларға мемлекеттік биліктің үлкен міндеттемелері жүктелді.

Барлық аудандарда дерлік партия, кеңес органдарынан босаған көрнекті ғимараттар соттарға беріле бастады. Қаланың ең көрікті жері - қала алаңында орналасқан әсем ғимарат соттарға берілді. Бұл ғимаратта Қызылорда облыстық, қалалық, мамандандырылған ауданаралық экономикалық, әкімшілік соттары, әділет басқармасы мекемелері орналастырылды. 

2002 жылдан бастап Қызылорда облыстық сотына басшы ретінде М.Есжанов, алқа төрағалары Б.Сариев, С.Баймаханов тағайындалды.

2006 жылдың 10 шілдесінде Қызылорда облыстық сотына төраға болып Қ.Шаухаров тағайындалып, алқа төрағалары қызметіне М.Ахметов және Қ.Адранов тағайындалды.  

2009 жылдың наурыз айында облыстық соттың төрағасы болып Сабырбаев Марат Қалмұратұлы тағайындалды. Ал алқа төрағалары ретінде  Ахметов Молдабек Меңлібайұлы мен Адранов Қайрат Төлепбергенұлы өз қызметтерін жалғастырды. ҚР Президентінің 26 ақпан 2010 жылғы Жарлығымен Адранов Қайрат Төлепбергенұлы Қызылорда облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы, ал Сейітов Нұрділлә Зейнедуллаұлы  облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметіне тағайындалған болатын.

2012 жылдың 2 шілдесіндегі №350 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қызылорда облыстық сотының төрағасы болып Қайырбеков Нұрлан Мұратұлы тағайындалды. Аталған Жарлықпен облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы ретінде Қарабаев Ержан Өсерханұлы, ал азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып Адранов Қайрат Төлепбергенұлы тағайындалды.  Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 27 қыркүйек № 342 Жарлығымен облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы лауазымына Қалымбет Бахытжан Мүсілімбекұлы тағайындалды.

2017 жылдың 14 маусымындағы №499 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қызылорда облыстық сотының төрағасы Нұрышев Қамбар Жұмабайұлы және облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып Шығамбаев Әділхади Жұмабайұлы тағайындалды.

2022 жылғы 11 шілдедегі №956 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қызылорда облыстық сотының төрағасы болып Шығамбаев Әділхади Жұмабайұлы тағайындалды. Аталған Жарлықпен азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып Текетаев Мақсұт Нысанбайұлы тағайындалды. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 28 желтоқсандағы  №66 Жарлығымен Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер  жөніндегі сот алқасының төрағасы болып Бекжанов Жанат Сақыбайұлы тағайындалды.

Сот дамуының тарихында әр жылдары мамандандырылған соттар құрыла бастады. 2002 жылы Президент Жарлығымен Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, 2005 жылы Қызылорда қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соттары құрылды.

2009 жылдың №910 ҚР Президентінің Жарлығымен Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құрылды.

2012 жылдың 4 ақпанындағы № 266 ҚР Президентінің Жарлығы бойынша Қызылорда облысында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құрылды.

2018 жылы Президент Жарлығымен Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу соты құрылды.

2021 жылдың 1 шілдесінде Президент Жарлығымен Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік соты мен сот алқасы құрылды. Алқа төрағасы ретінде Оспанова Жанат Әнуарқызы тағайындалды.

2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап «Отбасылық сот» жобасы аясында қалалық сот қарауындағы кейбір санаттағы отбасылық даулар ювеналды соттардың қарауына берілді.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер қарайтын істер саны біршама артты. Бұған дейін алқабилер 14 санат бойынша істерді қараса, бұл жылы 32 санатқа дейін көбейді. Алқабилер сотының соттылығын кеңейту сот жүйесін демократияландыруға ықпал етеді және қоғам жағынан сотқа деген сенімді едәуір арттырады. Қылмыстық сот ісін жүргізудің басты қағидаттарын, яғни тараптардың жарыспалығын, кінәсіздік презумпциясын және сот төрелігінің негізгі қағидаттарын айтарлықтай іске асыруға мүмкіндік береді.

Судьялардың сот төрелігін жүзеге асыруын қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы Сот жанынан Сот әкімшілігінің Департаменттері қызмет атқаруда. Олар соттардағы ұйымдастырушылық, қаржылық және материалдық-техникалық қызметтерді атқара отырып, сот төрелігін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Биыл Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі болып қайта құрылды. Ал, сот әкімшісінің аумақтық органдары құрылымы департамент болып өзгеріп, қазіргі таңда Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті деп, аудандық және оған теңестірілген соттардың кеңселері сот әкімшісі болып өзгерді қайта құрылды.

Еліміздің сот жүйесіне азаматтардың сотқа деген сенімін жоғарылату міндетін алға қойды. Осындай мақсаты айқын міндеттердің нәтижесінде Қызылорда облыстық соты уақыт талабына сай жаңа деңгейге көтерілді. Қара қылды қақ жарған кешегі билердің бүгінгі ізбасарлары да дауды оңтайлы шешуге атсалысып, ағайынды татуластыруға, ел бірлігін нығайтуға өз үлесін қосып келеді.

Сот төрелігі әділдіктің көрінісі болғандықтан, судьялардан әрқашан да  біліктілік пен адалдық талап етіледі. Халқы заңын құрмет тұтып, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Осындай сенімді ақтап, тиісті дәрежеде қызмет атқару, сотқа деген сенімді арттыру – сот жүйесінің басты міндетіболып табылады.

Бұл ретте Қызылорда облыстық соты жүйесі құқықтық мемлекеттің қажеттілігіне және заман талабына сәйкес үздіксіз жетілдіріліп, сот жүйесінің отандық үлгісін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді деуге толық негіз бар.