Жауапкер баласына 21 жасқа толғанша алимент төлейді деп шешілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда қалалық сотына талап қоюшы Н. жауапкер Б-дан 21 жасқа толғанша алимент  өндіруді сұрап сотқа жүгінген.

Сот отырысында талап қоюшы Н. талап арызда көрсетілген талаптарын толығымен қуаттап, кәсiптiк оқу орнында оқығандығы себепті жауапкер Б-дан жиырма бір жасқа толғанша, ай сайын 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде алимент өндіріп беруді сұрады.

Сот отырысында жауапкер баласына алимент төлеуге қарсы емес екенін, алайда ай сайын 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде алимент төлеуге мүмкіншілігі жоқтығын, себебі жалақысы шамамен 110 000 теңге болатынын, қазіргі таңда кәмелетке толмаған бір баласына жалақысының 25 пайыз мөлшерінде алимент төлеп отырғанын  көрсетті.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 27-бабының талаптарына сәйкес, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 1-бабының 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, алименттер – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат.

Ал, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 138-бабының 2-тармағында, егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады деп көрсетілген.

Яғни, аталған Заң нормасының мазмұнына қарағанда, алимент жиырма бір жасқа дейінгі бiлiм беру жүйесінде оқитын кәмелетке толған балаларға сот тәртібімен өндіріп алынатыны айқындалған.

Сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайларын ескере отырып, талапкердің оқу орнында білім алуына байланысты ай сайын тұрақты сомада өндірілетін алиментті 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгілеуді дұрыс деп санады. 

Шешім заңды күшіне енген.

Қайнар: 
Қызылорда қалалық сотының баспасөз қызметі