Бс, 26/05/2016 - 19:07
Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73 бабының 1 бөлігімен азамат К-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Іс құжаттарына сәйкес, азамат К. алкогольдік ішімдік ішкен мас күйінде, өз үйінде, балдызы Б-ға балағат сөздер айтып, сыйламаушылық білдіргені үшін, оған қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73 бабының 1 бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73 бабының 1 бөлігінің диспозициясында, құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, жасалған құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік көзделген.
Осы баптың ескертпесінде, отбасы-тұрмыстық қатынастар деп ерлi-зайыптылар, бұрынғы ерлi-зайыптылар, бiрге тұратын немесе бiрге тұрған адамдар, жақын туыстар, ортақ баласы бар адамдар арасындағы қатынастар түсiнiлетіндігі көрсетілген.
Алайда, сот отырысында азамат К. мен азаматша Б-ның бір үйде тұрмайтындығы, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы туыстар емес екендігі анықталған.
Азамат К-ға қатысты әкімшілік іс, оның әрекетінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73 бабының 1 бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тоқтатылды.
Сондай-ақ, келешекте осындай кемшіліктерді болдырмауға тиісті шаралар қолдану үшін Арал аудандық ішкі істер бөлімінің басшысының атына жекеше қаулы қабылданған.