Мектеп оқушылары соттың бір күндік тыныс – тіршілігімен танысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облыстық сотына Қызылорда қаласында орналасқан С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектептің басшысы хат жолдады. Аталған хат орындау үшін аудандық соттарға жолданған болатын.

Мектеп басшысы А.Алтынбекова өз хатында сот органдарына мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастыруды сұраған.

Кездесу оқушылардың құқықтық білімінің ақпараттық деңгейін көтеру және заңгер мамандығын таңдаған оқушыларды сот жұмысымен таныстыру мақсатында өткізілуі тиіс болған.

Осының негізінде Қызылорда қалалық соты оқушыларды ай сайын өткізілетін «Ашық есік күніне» келуге шақырды.

Іс-шараға  С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектептің оқытушылары мен оқушылар келді. Қызылорда қалалық сотының судьясы К.Ә.Сәдуақасова «Әділет үйі» ғимаратында орналасқан соттармен және нақты Қызылорда қалалық сотының жұмысымен жан-жақты таныстырып өтті.

Сондай-ақ, оқушылар Қызылорда облыстық сотында болып азаматтардан құжаттарды қабылдау тәртібімен және «Бір терезе» қызметінің жұмысымен танысты.

Қызылорда мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының сот мәжілісі залдарында болып, Қызылорда қаласының №2 сотында өтіп жатқан қылмыстық іс бойынша ашық сот отырысына қатысуға мүмкіндік алды.

Оқушылар тәжірибеде сот отырысын өткізу, сотқа қатысушы тұлғаларды тыңдау, сот жарыссөздерін өткізу тәртібімен танысты. Сондай-ақ, сот отырысын дыбыс, бейне жазу құралдарына тіркеу тәртібі түсіндірілді.

Іс-шара соңында судья мен оқушылар Қызылорда облыстық сотының мәжіліс залында жайғасып пікір алмасты. Мектеп басшылығы мен оқушылар өз кезегінде Қызылорда қалалық сотының судьясы К.Ә.Сәдуақасоваға «Әділет үйінде» өткізілген қызықты және мағыналы экскурсия және жан-жақты таныстыру әңгімесі үшін алғыстарын білдірісті.

Біз де өз кезегімізде оларға оқуларында табыс пен болашақтағы бастамаларының берекелі болуын тіледік!

Источник: 
Қызылорда қалалық сотының баспасөз қызметі