Сот судьялары жоғарғы оқу орнында дәріс оқыды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХатпен жіберуХатпен жіберуPDFPDF

Құқықтық сауаттылық айлығының аясында Қызылорда облысы соттарының судьялары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі заң факультетінің студенттері және оқытушыларымен кездесті.

Кездесуге облыстық соттың судьясы Амангелді Қожаниязов, Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Мейрамбек Ибрашев, Қызылорда қаласының №2 сотының төрағасы Әбу Айбек, Қызылорда қалалық сотының судьялары Кәмшат Садуақасова мен Жазираш Дербісалиева, Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Балғабай Жаңабаев қатысты.

Іс-шараны ашқан университеттің Филология, тарих, құқық факультетінің деканы Сағат Тайман судьялардың студенттерге дәріс оқуы облыс соттары мен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізетін маңызды қадам екендігін атап өтті.

Өз кезегінде судьялар Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы; жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауы, «Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде Банголор қағидасына сай қабылданған судьялық әдеп кодексі», сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету мақсатында азаматтық іс жүргізуге енгізілген  өзгертулер туралы, адамның және азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттіктерді тергеу судьясына беру мәселесі тақырыптарында дәріс оқыды.

Кездесу барысында облыстық соттың судьясы Амангелді Қожаниязов қатысушыларға сот жүйесінде орын алған жаңалықтар мен жетістіктерді, соттарда қолданылып жатқан жаңа технологияларды, заңдардағы өзгерістер туралы кеңінен әңгімеледі.

Қызылорда қаласының №2 сотының төрағасы Әбу Айбек тыңдаушыларға Судьялық әдеп кодексінің қабылданғаны, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу жүйесін қатаңдату туралы айтып, соттардың бұлтартпау шарасын санкциялау тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, студенттерді ашық сот процестеріне, соттарда өткізілетін «Ашық есік күндеріне» қатысып, тәжірибе жинауға шақырды.

Қызылорда қалалық сотының судьясы Камшат Садуақасова соттардың кешегі тарихы мен бүгінгі күнін, мамандандырылған соттар туралы айтып берді.

Оқылған дәрістерден соң студенттер көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, толық  жауаптарын ала алды.

Шара соңында тыңдаушылар «Қазақстандағы сот жүйесіндегі реформалар; кеше, бүгін, ертең» деректі фильмін тамашалады.

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі
Пікірлер мен ұсыныстар