Шиелі аудандық сотында азаматтық іс медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің сотпен бекітілуіне байланысты тоқтатылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, азаматтық айналымда және жария-құқықтық қатынастарда заңдылықты сақтау, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылады.

2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы Азаматтық Процестік Кодексінде алғаш рет татуластыру рәсімдері көзделген арнайы тарау белгіленіп, онда   сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданатыны, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдесетіні көзделген.

Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не Азаматтық Процестік Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.

Медиация рәсімі екі тараптың, медиатордың дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.

Іс жүргізуінде іс жатқан судья (сот құрамы) дауды медиация рәсімімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және Азаматтық процестік Кодекстің 177-бабына сәйкес оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.

Шиелі аудандық сотында жаңа АПК-нің міндеттерін жүзеге асыру мақсатында азаматтық іс медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасаумен аяқталды.

Талап қоюшы Ғ. сотқа жауапкер Б-ға арнаулы орта оқу орнында білім алуына байланысты алимент өндіру жайлы талаппен жүгінген. Істі сот талқылауына дайындық барысында, алдын ала сот отырысында іс бойынша төрағалық еткен судья А.Түбекбаева тараптарға дауды медиация рәсімдерін жүргізу арқылы аяқтау құқықтарын түсіндірген.

Сот отырысында тараптар медиаторға жүгіну арқылы дауды медиация  тәртібімен реттеу туралы келісім жасағандарын көрсетіп, соттан аталған келісімді бекітуді сұрады.

Судья тараптармен ұсынылған дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексеріп, жасалған келісімнің шарттары заң талаптарына қайшы келмейтінін және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын анықтап, Азаматтық Процестік Кодекстің 177-бабына сәйкес оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарды.

Ұйғарым заңды күшіне енбеген.

Источник: 
Шиелі аудандық сотының баспасөз қызметі