Комиссия өндіру заңсыз деп танылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда қалалық  сотында талап қоюшы С-ның жауапкер «Казкоммерцбанк» АҚ-на банктік несие шартын ішінара заңсыз деп тану, ұсталған ақша сомасын талапкер пайдасына өндіру туралы азаматтық ісі қаралды.

Талапкер  өз талап қою арызында банкпен несие келісім шартын жасасқанын, несие шартының 4.3 бөлігін, атап айтқанда банктік қызмет көрсету үшін алынатын сомалар бөлігінде келісім шартты заңсыз деп тануды және ұсталған соманы өндіруді сұрады.

Азаматтық іс құжаттарына сәйкес, талапкер келісім шарттың 4.3 бөлігі негізінде банктің несие беру шартына қызмет көрсеткені үшін комиссия ұстап келгендігі анықталды.

Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісінің 26 бабында әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға құқылы екендігі көрсетілген.

Сот отырысында тараптармен келісімнің қалыпты шарттармен жасалғаны, комиссия төлемдері жөнінде қосымша түсіндірмелер мен талқылаулар болмағандығы талас тудырған жоқ, талапкер банктік қатынастарға қатысты арнайы білімі болмағандығы себепті комиссия өндіру туралы бөліктердің заңсыз екендігін шартқа қол қою барысында білмегендігін көрсетті.

Сот отырысына жауапкер тарапынан комиссияны өндіруге қатысты тиісті дәлелдемелер берілген жоқ, атап айтқанда келісім шартқа қызмет көрсетуге қандай қызметтер жататынын, оларды есептеу мен өндіру тәртібін дәлелдемеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 157 бабының 1,2 бөлігінде: «Мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады. Мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін. Көрсетілген мәмілені жасау нәтижесінде құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған немесе бұзылуы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып табылады. Мәмілені жарамсыз деп тануға талап қою құқығы бар тұлғалардың тізбесі осы Кодексте және (немесе) өзге де заңнамалық актілерде белгіленеді»- деп көрсетілген.

Осыған байланысты сот талапкер мен жауапкер «Казкоммерцбанк» АҚ-ның арасында жасалған несие шартының банктік қызмет көрсету үшін алынатын сомалар бөлігінде заңсыз деп таныды.

Шешім заңды күшіне енбеген.

Источник: 
Қызылорда қалалық сотының баспасөз қызметі