Алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 4 сотталушыға қатысты қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Сотталушы Ж. 2014 жылы сотталған адам бола тұра, түзелу жолына түспей, қайтадан қылмыс жасаған. Яғни, 2016 жылдың 1 желтоқсан күні түнгі сағат 02.00 шамасында ол  өзінің достары, сотталушылар Т., П. және Е. төртеуі, автокөлікпен дүкенге келіп, Е. және П. сусын алуға кеткен.  Дүкен алдында тұрған 4 жәбірленушінің біреуі автокөлікке келіп көліктің шамын өшіруді сұрағанына сотталушылар Т. және Ж. себепсізден себепсіз ашуланып, өздерімен алып жүрген пышақпен 4 жәбірленушілерді бірінен кейін бірін өмірлеріне қауіпті кеуде тұстарынан ұрып, олардың әрқайсысына кесіліп-тесілген ауыр, жеңіл дәрежеде дене жарақаттарын салған.  

Осыдан кейін сотталушылар оқиға орнынан автокөлікке мініп, қашып кеткен. Алған дене жарақатынан жәбірленушінің біріншісі ауруханаға барар жолда қайтыс болса, екіншісі ауыр дене жарақатымен, қалған екеуі жеңіл дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға түскен.

Сотталушылар Ж. және Т. қолданған қылмыс қаруы, пышақты, сотталушы Е-ге берген. Ол пышақты қылмысты жасыру мақсатында тұрғын үйінің сарайында май құйылған пластмасса ыдыстың ішіне жасырған.  Ал сотталушы П. жасалғаны анық белгілі қылмысты біле тұра, ол туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған.

Сотталушы Ж-ның өтініші бойынша қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2017 жылдың 6 сәуір күнгі үкімімен сотталушы Ж. ҚР ҚК-тің 99-бабының 2-бөлігінің 7,9-тармақтарымен (адамдар тобы болып, бұзақылық ниетпен жасалған адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен (адамдар тобы болып, пышақты пайдаланып жасалған бұзақылық)  кінәлі деп танылып, түпкілікті 16 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын ерекше режимдегі түзеу колониясында өтеуге деп белгіленді.

Сотталушы Т. ҚР ҚК-тің 293-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен (адамдар тобы болып, пышақты пайдаланып жасалған бұзақылық), 24-бабының 3-бөлігімен (қылмысқа оқталу), 99-бабының 2-бөлігінің 9-тармақтарымен (бұзақылық ниетпен жасалған адам өлтіру), кінәлі деп танылып, түпкілікті 11 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге деп белгіленді.

Сотталушы Е. ҚР ҚК-тің 432-бабымен (қылмысты жасырып қалу) кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.

Сотталушы П. ҚР ҚК-нің 434-бабымен  (қылмыс туралы хабарламау) кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Источник: 
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі