Қызылордада 5 үміткер судья лауазымына арналған бір жылдық тағылымдамадан өтіп, оң қорытынды алды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облыстық сотында бір жылдық тағылымдамадан өткен тағылымдамашы-кандидаттардың қорытындыларын шығару мақсатында жалпы отырыс өтті.

Баршаға мәлім, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 17-ші қадамында судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтуі көзделген. Барлық тағылымдамадан өткен үміткерлерге лауазымдары сақтала отырып, өзінің басты жұмыс орнынан босатылып тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берілді. Тағылымдамадан өтушіге бір жылдық өтілімі бар аудандық және оған теңестірілген соттар судьяларының лауазымдық жалақысының 70 пайыз мөлшерінде еңбекақы төленді.

Қызылорда облыстық соты төрағасының 18 мамыр 2016 жылғы өкіміне сәйкес 5 тағылымдамашы-кандидат жергілікті соттарға тағылымдамадан өтуге рұқсат берілген. Әрбір судьялыққа кандидаттардың арасынан тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алған үміткер облыстық соттың төрағасы бекітуімен тиісті аудандық сот төрағасымен және тағылымдама үйлестірушісімен келісімімен бір жылдық жеке жоспар бойынша өтті.

Тағылымдамашы-кандидаттар соттарда тағылымдамадан өткен кезінде тағылымдама жетекшісінің қызметін қамтамасыз етуге бағытталған судья көмекшісінің функцияларын атқарып, судьяның өкілеттігін орындауға қажетті құқықтық ақпарат іздеді, нормативтік құқықтық актілерді, сот практикасының материалдарын іріктеуді жүзеге асырды. Судьяның іс жүргізуіндегі істер туралы ақпаратты әзірледі, істерді сот талқылауына әзірлеу бойынша іс-әрекеттерді жүзеге асырды, процестік құжаттардың жобаларын әзірледі, судьяның қарауына келіп түскен азаматтық сот ісін жүргізу шеңберіндегі арыздарды (талап арыздарды) зерделеді, қылмыстық іс жүргізу шеңберіндегі істерді (материалдарды), шағымдарды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер мен олар бойынша шағымдарды зерделеуге қатысты. Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында көзделген іс-әрекеттер жасау туралы судьяға ұсыныстар беріп, істерді қараудың процестік мерзімдеріне мониторингті жүзеге асырды, судьяның іс жүргізуіндегі істер бойынша өтініштер мен сұрау салуларға жауап жобаларын әзірледі.

Жалпы отырыста тағылымдамашы-кандидаттардың есептері және жетекшілердің пікірлері қаралды, содаң соң бірауыздан оң қорытынды беруге дауыс берілді. 

Жалпы отырыстың қорытындысы бойынша, Қызылорда облыстық сотының төрағасы тағылымдамашы-кандидаттарды құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі