Қызылорда қалалық сотының судьясы Достық үйінде татуластыру рәсімдерін дамыту мәселелері бойынша «дөңгелек үстел» өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда қалалық сотының судьясы К.Ә.Сәдуақасова Қызылорда қаласының Достық үйінде «Медиация дамыту орталығы» РҚБ Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің директоры Л.Ш.Бактибаевамен бірлесе отырып «Татуластыру рәсімдері. Медиация дауды шешудің тиімді тәсілі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

Іс-шараға «Ару ана» қоғамдық ұйымының төрайымы Р.Сарымсақова,  «Ақиқат нұры» ҚБ төрағасы М.Нұржанов, «Невада-Семей» ҚБ-нен Б.Ахылбаев, «Жаңа серпіліс» ҚБ-нен  С.Сарсенбаева, «Ақ босаға» әйелдер ҚБ-нен төрайым, профессор М.Аңсатова, «Қазақ тілі қоғамы» РҚБ-нен Б.Бектибайқызы, «Қазақылықтың атамекені» ҚБ-нен А.Кушербаев, «Ана сезімі» ҚБ-нен А.Тайлақбаева, «Руханиятты жаңғырту» ҚБ-нен А.Бүркітбай, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты.

К.Сәдуақасова «дөңгелек үстелдің» жұмысын аша отырып, дауды келісіммен шешу жолдарына тоқтала келе, сотқа көбінесе бір-біріне бөтен емес, кей кезде өте жақын азаматтардың келетіндігін айтып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. «Олардың арасында туындаған болмашы дау адамгершілік, туыстық қарым-қатынастарына кесірін тигізіп жатады», - деп көрсетті К.Сәдуақасова. Сол себепті, медиация – бұл тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі екенін атап өтіп, салыстырмалы статистикалық мәліметтерге тоқталды.

Ол өз сөзінде Медиация туралы Заңның өміршеңдігін, халыққа тиімділігін, сот өндірісіндегі даулы мәселелердің бітімгершілік рәсіммен оң шешім табуы, кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлардың, адвокаттардың нақты  қызметтеріне байланысты екенін жеткізді.

Шара аясында «Медиация дамыту орталығы» РҚБ Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің директоры Л.Ш.Бактибаева сөз сөйлеп, медиация тәртібімен дауларды шешудің тиімді тұстарын көрсетіп, жұмыс жасау барысында кездесіп жатқан мәселелерге тоқталды. Қатысушылар тақырып аясында бірқатар проблемалық мәселелерді талқылады. 

Қайнар: 
Қызылорда қалалық сотының баспасөз қызметі