Қылмыстық іс бойынша брифинг өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Арал аудандық сотында қылмыстық іс бойынша брифинг өтті. Брифингті Арал аудандық сотының судьясы Н.Бекетаев жүргізді.

Брифингке жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шара барысында судья Н.Бекетаев Қазақстан Республикасының ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен сотталған Г-ның қылмыстық ісі бойынша мәлімет берді.

Іс құжаттарына сәйкес, сотталған Г. жәбірленуші А. мен Б-ның сенімдеріне кіріп, өзінің таныстары арқылы олардың балаларын темір жол мекемесіне жұмысқа орналастыруға көмектесетінін айтып, сендіріп, әрқайсысынан 1 600 000 теңгеден ақшаларын алдап алып, алаяқтық жолмен иемденген ақша қаражаттарын өзінің жеке басына жаратқан. Сөйтіп ол, бөтеннің мүлкін бірнеше рет ірі мөлшерде алдау жолымен иемденіп, меншікке қарсы ауыр қылмыстарды жасаған.

Оның бұл қылмыстық әрекеттері, іс құжаттары және сотта өзінің айыбын мойындап берген жауабымен толық дәлелденген.

Сот үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, ҚК-нің 63-бабы қолданылып тағайындалған жазаны шартты деп есептеп, оған осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленген.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері қылмыстық іс бойынша сауалдар қойып, судья Н.Бекетаев қойылған сауалдарға жауап берді.

Қайнар: 
Арал аудандық сотының баспасөз қызметі