Алқабилермен қаралған іс бойынша үкім жарияланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 4 сотталушыға қатысты қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Қызылорда қаласында сотталушының біреуін оның туысқаны пышақпен жарақат салып кетіп қалған. Ол таныс досына қоңырау шалып, болған жайтты айтып, шақырып алады. Досы өзінің танысына айтып, үшеуі кездесіп, туысқанын іздеп-тауып, оны өлтіруге келісімге келеді. Жарақат алған сотталушы өзінің інісін шақырып алып, төртеуі екі автокөлікпен жәбірленушіні іздеуге шыққан. Көше қиылысында туысқанының автокөлігін көрген сотталушының досы жақындап, мылтықпен кеудесіне оқ атады. Алған жарақатынан жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болады. Сол кезде екінші автокөлікпен келген жарақат алған сотталушының інісі жәбірленушінің қасында болған адамның аяғына мылтықпен оқ атып, оны жарақаттап, төртеуі автокөліктеріне мініп, оқиға орнынан кетіп қалады.  

Ағайынды сотталушылардың өтініштері бойынша қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен адам өлтіргені үшін 1 сотталушы 16 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге деп белгіленді.

Адамдар тобы болып, бұзақылық ниетпен адам өлтіруге ұйымдастырып, басшылық еткені және оған жәрдемдескені үшін 2 сотталушы әрқайсысы 15 жылдан бас бостандықтарынан айырылып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеуге деп белгіленді.

Төртінші сотталушы атыс қаруымен бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге деп белгіленді.

 Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі