Ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін заңсыз жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, 1 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда қаласының № 2 сотында Қазақстан Республикасы ҚК-нің 307-бабының 1-бөлігімен айыпталған сотталушы М-ның қылмыстық ісі қаралды.

Сотталушы М. бұрын Қызылорда қалалық сотының 21.01.2014 жылғы үкімімен ҚК-нің 257-бабының 3-бөлігімен 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға сотты болған, Ақтөбе қаласының №2 сотының 30.10.2015 жылғы қаулысымен жазаның өтелмеген 2 жыл 7 ай 26 күні бас бостандығын шектеуге ауыстырылған, Қызылорда қаласының №2 сотының 31.03.2017 жылғы қаулысымен 1 жыл 4 ай 26 күнге жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Сотталушы алдыңғы соттылығынан ешқандай нәтиже шығармай, қайталап  қылмыс жасаған.

Атап айтқанда, сотталушы М. 2017 жылдың 26 шілдесінен бастап, пәтерді жалға алып, ойын мекемесін заңсыз ашып, 1 дана компьютердің процессорына интернет желісінен әртүрлі ойын енгізіп, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып Қазақстан Республикасының 12.01.2007 жылғы №219 «Ойын бизнесі туралы» Заңының талаптарын бұзған.

Басты сот талқылауында сотталушы М. өзінің кінәсін толық мойындаған.

Сот үкімімен сотталушы М. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 307-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, заңсыз жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, 1 жылға бас бостандығын шектеуге жазаланды.

ҚК-нің 60-бабының 1-бөлігінің талабына сәйкес, түпкілікті заңсыз жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сотталушыға 1 жыл 6 айға пробациялық бақылау белгіленіп, ол жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда 140 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылды.

Үкім заңды күшіне енбеген.