Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Азамат Жұмамұратов пен облыстық тарихи-өлкетану музейі коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Бақыткүл Бекмамбет өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Облыс бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Азамат Жұмамұратов өз сөзінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыру үшін ұлттық менталитет пен ұлттық кодтың сақталуына айрықша мән берілгенін атап көрсетті. «Бүгінгі Меморандум ұлттық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және тарату, сондай-ақ ғылыми және мәдени-білім беру байланыстарын дамыту мақсатын көздейді», - деді ол.

Музей директоры Бақыткүл Бекмамбет мұражайлардың көбейгені – тарихтың ұрпақтан ұрпаққа зерттеліп, зерделеніп, сараланып жететіндігінің айғағы деп, серіктестік жобалар аясындағы Меморандумдар мекемелердің бірлесе жұмыс атқаруына көмектесіп, тәжірибелік және іскерлік байланыстар орнататынын айтып өтті.

Меморандум шеңберінде тараптар ғылыми - зерттеу және мәдени-білім беру  жобаларын бірлесіп әзірлеу және жүзеге асыру, соттың мұражайының тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасау, мұражай залдарын толықтыруға қажетті экспонаттарды бірлесіп жинау, бірлескен жылжымалы және көшпелі көрмелер ұйымдастыру, жеке экспонаттар мен коллекциялардың көшірмесін жасауға ықпал етеді.

Шара барысында облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Айгерім Беккулиева мен облыстық соттың мұражайына жауапты қызметкер Сәуле Сейдахметова баяндама жасады. Баяндамашылар дәстүрлі, заманауи және аралас мұражай құрылымына, білім берудегі мұражайдың рөліне, мұражай экспонаттарының құндылықтарына тоқталды.

Екі жақты ынтымақтастық сот қауымдастығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының  арасындағы оң жұмыстың бастамасы болмақ.

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі