Құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты іс тоқтатылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 462 бабының 3 бөлігімен №220 орта мектебі директорының міндетін атқарушы Ж-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Іс құжаттарына сәйкес, Арал ауданының төтенше жағдайлар бөлімімен №220 орта мектебінің өрт қауіпсіздігі жағдайына байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігінің нормалары мен ережелерінің бұзылуы анықталып, төтенше жағдайлар бөлімімен аталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарымдама берілген. Ұйғарымдаманың орындалуын тексеру үшін қайта өрт-техникалық тексеру жүргізу барысында, ұйым тарапынан аталған бұзушылықтардың жойылмағандығы анықталған.

Сот отырысында мектеп директорының міндетін атқарушы Ж. көрсетілген кемшіліктерді жою үшін қаржы қажет екенін, мектептің өз бухгалтериясы жоқ екенін, сондықтан Арал аудандық білім бөліміне жүгінгенін, алайда қаражат бөлінбеуінен кемшіліктердің жойылмағанын көрсетті.

Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 11 бабының 1 және 2 бөліктерінің талабына сәйкес, жеке тұлға кiнәсi анықталған құқық бұзушылықтары үшiн ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады. Жеке тұлғаның кiнәсiз зиян келтiргені үшiн объективтi кiнә тағуға, яғни әкiмшiлiк жауаптылыққа жол берiлмейдi. Қасақана немесе абайсызда іс-әрекет жасаған жеке тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа кінәлі деп танылады.

Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 741 бабының 1-бөлігінің 2)-тармағына сай, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың құрамы болмаған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс тоқтатылуға жатады.

Осыған орай, азамат Ж-ға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен қозғалған әкімшілік іс, әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тоқтатылды.

Источник: 
Арал аудандық сотының баспасөз қызметі