ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ 1-ші ТОҚСАННЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ЖАРИЯЛАДЫ

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

         Ағымдағы жылдың 9 сәуір күні Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Сабыров Асхат Аббасұлы соттың 1 тоқсанда атқарған жұмысы туралы БАҚ өкілдеріне айтып өтті.

          2009 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап, республиканың барлық аймағында мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттары құрылып, өз қызметін бастап кетті. 

          Бұл соттың ерекшелігі – бұрын аудандық, қалалық соттардың, облыстық соттың соттылығына жататын аса ауыр санаттағы, яғни жасалғаны үшін он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза не өлім жазасы көзделген қылмыстық істер осы соттың қарауына жатады.

          Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты облыс көлемінде жасалған ауыр, аса ауыр қылмыстар бойынша соңғы нүктесін қояды.  

         Сотталушының арызы бойынша қылмыстық істі халық өкілдері – алқабилердің қатысуымен қарау тек осы сотта қарастырылған.

          Облыс тұрғындары алқаби болып қылмыстық іске қатысуға белсенділік танытып келіп, өз міндеттерін заң талабына сай дұрыс атқарып келеді.

           Мысалы, 2014 жылдың 1 тоқсанында аяқталған 5 қылмыстық істің біреуі алқабилердің қатысуымен қаралды. Ол, қала жұртшылығы арасында қоғамдық пікір туғызған «Гелиос» жанар май құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасап, кассасын тонап, қасақана адам өлтірген жөнінде қылмыстық іс бойынша сот алқабилердің қатысуымен айыптау үкімін шығарды. Аталған іс бойынша үш сотталушыда 12 жылдан бастап 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

         Аяқталған істердің санатына келсек, 1 іс есірткі заттарды сату мақсатында заңсыз сақтаған жөнінде, 2 іс кәмелетке толмаған жәбірленушілерді зорлау, 2 іс адам өлтіру санаты бойынша қаралып барлық іс бойынша айыптау үкімдері қабылданды.

          Аса ауыр санаттағы қылмыстар жасағаны үшін 6 адам сотталып, 100 пайызына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

         Ауыр санаттағы қылмыстар үшін 1 адам сотталып, ҚР ҚК-нің 67-бабының 3-бөлігіне сай (жәбірленушімен татуласуына байланысты), қылмыстық жауаптылықтан босатылып, ҚР ҚК-нің 82-бабында көзделген тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылды. (кәмелетке толмаған сотталушы)

        4 адамға қатысты қосымша жаза ретінде мүлкін тәркілеу жазасы қолданылды.

       Сонымен қатар, судья сот жұмысының басқа да мәселелеріне тоқталып, сотта ай сайын ұдайы түрде «Ашық есік күні» шарасы өткізілетінін, соттың веб-сайты жұмысын, сот процесінде бейнежазба жүргізілетінін атап өтті. 

       Кездесудің қорытындысымен журналистердің сауалына жауап берген судья мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі соттың есігі соттың жұмысымен танысуға, заңмен тыйым салынбаған жағдайда ашық сот процесіне қатысуға ынта білдірген барлық БАҚ өкілдеріне және азаматтарға әрдайым ашық екенін жеткізді. 

 

       Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі