Қызылорда облыстық сотының судьясы Жанат Оспанова: ӘРБІР АДАМНЫҢ ПАРЫЗЫ - ӨМІРДЕН ӨЗ ОРНЫН ТАБУ

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

- Жанат Әнуарқызы Қызылорда облысы соттары арасында өткізілген сайлауда 2012 жылдың үздік судьясы атанғаныңыз белгілі.  Жалпы судья өз қызметінде үздік болу үшін оған қандай қасиеттер тән болу керек?

- Сотқа басына іс түсіп, әділетсіздікке ұшыраған, құқығы бұзылған жандардың ғана келетіні анық. Сан соғып алданғандар, шындық іздеп шарқ ұрғандар ақиқатқа араша болады деп сеніп келеді. Соттан әділдік іздегендердің үміті мен сеніміне қаяу түсірмей, сенім үдесінен шығу- әрбір судья үшін міндет. Ол үшін судья  білімі мен біліктілігі жоғары,  үлкен мәдениет пен парасат иесі  болуы керек деп санаймын.

Судьяның жұмысы бұл тікелей адамның, қоғамның өміріне  қатысты жұмыс. Судья болған адам заңнама талаптарын ғана сақтап қоймай, қала берді, өзінің ар-ожданының  алдында да жауапты болу керек.  Ал жұмысыңда үздік болу үшін маман ретінде кәсіби білімді ғана болуың аз, адамның өзінің адамгершілік, азаматтық қасиеттері де болу қажет.

 

- Еңбек жолыңыз қай жылдардан бастау алады?

 

- 1992 жылы Сырдария аудандық халық сотына сот орындаушысы қызметіне қабылданып, осы сотта 1997 жылдың маусым айына дейін қызмет атқардым. 1997 жыл мен 2003 жылдар аралығында жеке  мекемелерде заңгерлік қызмет атқардым. Оқу орындарында құқықтану мамандығы бойынша дәріс бердім.

2003 жылғы 12 қарашада ҚР Президентінің жарлығымен Қызылорда қалалық сотына судьялық қызметке тағайындалдым.

2013 жылдың шілде айынан бастап Қызылорда облыстық сотының судьясымын.

 

- Кұпия болмаса, отбасыңыз, ата-анаңыз, жолдасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

 

- Ата-анам қарапайым жандар. Адалдыққа, біреуге қиянат жасамауға, шыншылдыққа баулып өсірді. Өмірде қандай жетістікке қол жеткізсем, оны ата-анамның және жұбайымның арқасы деп білемін.

Әйел адамға судья болып қызмет атқару оңай емес. Жүктеменің көптігі жауаптылықтан босатпайды. Әрбір істің артында адамдардың тағдыры бар. Сондықтан немқұрайлық танытпай, әрбір іспен мұқият танысу керек. Адамдарды тыңдай білу керек. Заң – судьяның құралы, көздегені-әділдік деген, сондықтан заңды әрі әділ шешім шығару көп еңбекті талап етеді. 

Күніне 12-14 сағат жұмыс істеген  кездер болды. Үйге келгеннен кейінде қағаздан бас алмай, барлық көңілің жұмыста болады. Сондай кездері жұбайым түсіністікпен қарап, көмектесіп отырды.  Егер ол қолдау көрсетпесе, мұндай дәрежеге жетпес те едім.

Жолдасымның есімі - Битөре. Мәскеу қаласындағы транспорт академиясын бітірген. Заңгерлік те білімі бар. Қазіргі уақытта қаржы саласында қызмет етеді.

 

- Күні бойы жұмыстасыз, бала тәрбиесіне уақытты қалай табасыз? Бала тәрбиесіне қатысты өкінген кезіңіз болды ма?

 

- Екі ұлым, бір қызым бар.  Мүмкіндігінше оларға көп көңіл бөлуге тырысып жүрмін.

Әйел болған соң үй ішінің күнделікті жұмысы, балалардың тәрбиесі мойыныңда ғой. Күндіз жұмыста судьямын, кешке үйде анамын, жармын.

Алайда уақыттың тығыздығынан олардың мектептегі  жиналыстарына, балабақшада жүрген уақыттарында мерекелік ертеңгіліктеріне бара  алмай қалған кездерім көп болады.

Бір өкінген кезім... Осыдан бірнеше жыл бұрын аналар мерекесінде ұлымның мектептегі салтанатты шарасына қатыса алмай қалдым. Бала көңіл алаңдап күтті ме, әйтеуір сол күн ұлымның есінде қатты қалыпты.

Жұмыстан үйге келгеннен кейін жұмысты аяқтау үшін компьютерге қайтадан бас қоятынымды білетін ұлым жиналысқа қатыса алмай қалған күннің ертесінде компьютердің бетіне хат жазыпты. Әсіресе ішіндегі «мама бізге де көңіл бөліңізші, ен болмаса інім Даниялға...» деген сөздері осы күнге дейін есімде.

 

- Бос уақытта немен айналысасыз?

 

- Бос уақыт көп бола бермейді. Демалыс күндерін отбасыммен өткізуге, балаларыма көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Одан бөлек ата-анамның үйіне барып,  олардың жағдайын біліп тұруды жөн санаймын.

Аулада гүл өсіргенді жақсы көремін. Жайқалып өсіп тұрған гүлдер көңіліңе қуаныш сыйлайды. Бірақ оларды үзуге қимаймын.

 

- Өмірлік ұстанымыңыз неде?

 

- Әрине әр адамның қоршаған ортаға және өз-өзіне деген қарым-қатынасын бейнелейтін субъективті өмірлік ұстанымы болады. Менің ойымша, кісі әрдайым адал болып, адалдықты ұстанып, оны өмірлік ұстанымына айналдырса мәртебесі биік, тұлғасы өр болатыны анық.

Өмірлік ұстанымым - Ұлы Абайдың сөздері «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге!»

Ал, судья ретінде ұстанатын басты қағидам – берген антыма адал болу.

 

- Сіз үшін ғұмыр несімен мәнді, мағыналы?

 

- Өмірдің мәні, меніңше, өмірдегі өз орнын таба білу. Жарық дүниеге келген әрбір саналы адамның парызы - өмірден өз орнын табу, адам деген ардақты атына сай өмір сүру

Өмір өте мәнді, мағыналы, мазмұнды өтуі үшін «қамшының ғана сабындай қысқа өмірде» адамдардың бір - бірімен сыйластықта болғанға не жетсін!

 

- Жолдасыңыз мерекелерде сізге не сыйлайды? Алдағы келе жатқан 8 наурыз мерекесінен қандай сыйлық күтесіз?

 

- Әрине,  міндетті түрде гүл сыйлайды. Мен үшін ең басты тарту –отбасымның, жақындарымның амандығы.

 

- Жанат  Әнуарқызы, әйел адамға судья болу қиын емес пе?

 

- Бүгінде елімізде әйелдер саясатта болсын, бизнесте болсын және экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әр түрлі салаларында болсын, ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігін, қабілет-дарынын, іскерліктерін көрсетіп келеді. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне азаматтармен қатар сүбелі үлестерін қосып жүр. Отан – отбасынан басталады деген ұғымға сәйкес, әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені, отбасының құты болған әйел Отанға да адал қызмет етеді. Көптеген қыз-келіншектер мемлекеттік басқару жүйесін, мәдениет, денсаулық саласын, білім мен ғылымды, медицинаны дамытуға атсалысып жүргенін атап өтуге тиіспіз. Сонымен қатар, олар бұл күнде әр аймақта ірілі-ұсақты үкіметтік емес ұйымдарын құрып, бірқатар әлеуметтік жобалар бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Әр жұмыстың өз қиындығы болады. “Шешінген судан тайынбас” дегендей судьялық мамандықты өз қалауың бойынша таңдап алдың екен, оның қиындығы мен ауыртпалығына үйренуің, бейімделуің керек. Рас әйел адам болған соң үйде жолдасың, бала-шағаң күтіп отырады. Олардың тамағын әзірлеп, киім-кешегіне қарауың қажет. Сен солай екенсің деп жұмыс та қарап отырмайды. Барлығына үлгіру үшін уақытыңды үнемдеп, дұрыс ұйымдастыра білу керек.

 

- Республикамыздың судьялары үлкен құрметке ие. Үнемі ойда жүретін адам, үйіне  келгенде де, босаңсып, еркінси алмайды. Бұл – өте қиын жұмыс. Осыған орай судьялар қауымына көрсетілетін құрмет, еңбегінің дәріптелуі қалай?

 

- Сот басшылығы тарапынан осы уақытқа дейін әрі қазірде сот жүйесінің беделін көтеру, жұртшылықтың сотқа деген сенімінің артуына барынша тың бастамалар жасалып келе жатыр. Мәселен, жас судьяларға бейімделу кезеңін белгілеу, менторларды бекіту, жоғары тұрған соттардан тағылымдамадан өткізу және тағы басқа.

         Әрбір өткен мерекеде судьялар қауымына Жоғарғы Сот, облыстық сот тарапынан алғыс хаттар, құрмет грамоталары беріліп, еңбек еленіп жатады. Осының өзі судья еңбегіне деген құрметті білдіреді.

 

- Шығарған шешімдеріне сын айтылмаған қызметі мінсіз судья болуы мүмкін бе?

 

- Бірінші саты сотына түскен талап арыздар мен арыздардың сот өндірісіне қабылдану мәселесін сол соттың судьялары заңға сәйкес шешіп, қабылданған жағдайда әрі қарай сол арыздың түпкілікті шешімін табуына өте көп жұмыс жасайды. Яғни, істі сотта қарауға әзірлік жұмыстарын жүргізеді, істі сот процесінде әділ, жан-жақты, толық қарау үшін үлкен еңбек жасайды. Оған уақыт, терең білім және кәсіби тәжірибе керек.

Сот актілерінің бұзылуының орын алуына судья жүктемесінің кей кездері шамадан көп болып кетуі, асығыстықпен шешім қабылдау, кәсіби тәжірибенің аздығы себеп болуы мүмкін.

Жалпы, мінсіз адам болмайды. Адам баласы сын арқылы түзеледі. Менiңше, сынның нақты дәйектерге негiзделгенi және орынды болғаны дұрыс. Сынды тыңдай біліп, одан өзіңе қажеттісін ала білу керек.

Бұл сұраңызға жауап беру үшін судьяларға кімнің сын айтқанын анықтау қажет. Сот шығарған шешімдеріне заңнан хабары жоқ адамның сын айтуы да мүмкін. Мұндай сындар судьяның қызметінің мінді және мінсіз болуына баға бере алмайды. Қай іс те болмасын екі тараптың бірі шешімге көңілге толмайды. Сол риза емес тараптың бірнешеуі сын айтады деп ойласақ, бұл судьяның міні екенін білдірмейді. Ал, судьяның шығарған шешімдерінің заңдылығы және негізділігі заңда қаралған тәртіппен шағымдануға жатады. Сот шығарған шешім түпкілікті күшіне енгеннен кейін сын айтқан дұрыс деп есептеймін.

Судья - сот төрелігін атқаруда бейтарап болуға міндетті. Судьялар іс қарауда, қандай да болмасын шешім қабылдауда ешкімге тәуелсіз. Қоғамдық пікір, судьяның қызметінің бұқаралық ақпарат құралдарында сыналуы оның заңды да, негізді шешім  қабылдауына ықпал етпеуге тиіс.

 

         - Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан

 Қызылорда облыстық сотының

 баспасөз қызметінің

қызметкері Айжан Ысқақова