«Ұлт Жоспары - 100 нақты қадамдағы» соттарға қатысты қадамдар талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қызылорда облыстық соты мен облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Темірбек Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде «Ұлт Жоспары - 100 нақты қадамның» соттарға қатысты қадамдарының негізгі ережелерін насихаттау мақсатында өңір тілшілерінің қатысуымен брифинг өтті.

Брифингті  Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Қайрат Төлепбергенұлы Адранов пен Судьялар Одағының Қызылорда облысы филиалының, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Дәуренбеков Айбек Дәуренбекұлы  жүргізді.

Іс-шараны ашқан Қайрат Адранов  «100 қадам» Ұлт жоспарының -  заң үстемдігін қамтамасыз етуге арналған шараларға тоқтала келе, алдағы уақытта сот жүйесін біршама оңтайландыруға байланысты сот жүйесіне қатысты жүзеге асатын жаңалықтарды айтып өтті. «Қазіргі қолданыстағы бес сатылы сот жүйесі үш сатылы болып өзгереді. Бұл өз кезегінде сотқа жүгінуші халыққа да тиімді. Ал, үш сатылы сот жүйесі – ха­лық­аралық тәжірибеде бар екені баршаға мәлім. Осыған байланысты кассациялық саты облыстан Қазақстан Ресубликасының Жоғарғы Сотының құзырына ауысады. Енді бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық са­ты – Жоғарғы Сот болады. Сот сатыларын оңтайландыру, сот төрелігінің сапасын арттырудың бас­ты жолы болып табылады», - деді облыстық соттың алқа төрағасы Қайрат Адранов.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Айбек Дәуренбеков «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қарастырылған «біліктілік талаптарын күшейту және сот лауазымына кандидаттарды іріктеу механизмі» мәселесіне кеңінен тоқталды.

Брифинг барысында тілшілер тарапынан түрлі сауалдар қойылып, сот саласына қатысты 11 қадам аясында толық мәліметтер берілді. Мұнан өзге облыс соттарының сот әділдігін атқарудағы жұмыс көрсеткіштері мен Қызылорда облысы соттарында Ұлт жоспары -100 қадам аясында атқарылған іс – шараларға тоқталып өтті.

Қызылорда облыстық сотында Ұлт жоспары – 100 нақты қадамдағы Заң үстемдігін қамтамасыз етуді құқықтық насихаттау бағытында  семинарлар, бас қосу, дөңгелек үстелдер өткізіліп, жергілікті, республикалық телеарналарға судьялар тарапынан сұқбаттар беріліп, қатысушылар пікір алмасу үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып, белсенді іс-қимылдар жасалынып жатыр.

 

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі