Н.Бекетаев, Арал аудандық сотының судьясы «Ұлт жоспары сот жүйесіне тың серпін береді» / / «Толқын» газеті 2015 жылғы 8 тамыз

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде «Тәуелсіздікті алу үшін қандай қажыр-қайрат керек болса, оны баянды ету үшін одан да зор қажыр-қайрат керек, кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау – бәрімізге ортақ парыз» деп атап көрсеткен болатын. Шындығында да, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері даму мен өркендеудің небір қилы белестерінен өтіп, әлемдегі ең мықты 50 елдің қатарынан көріндік. Ендігі бағытымыз экономикасы дамыған, азаматтық қоғам құруда құқықтық жүйесі толық қалыптасқан әлемнің ең қуатты 30 елінің құрамына ену болып табылады.     

Мемлекет басшысының осы мақсатта ұсынып отырған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Біртектілік пен бірлік», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерінде мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған.

 Ұлт жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған 16-26 қадамдарында республикамыздағы сот жүйесін реформалауға қатысты мәселелерді қамтыған. Аталған жоспардың 17 қадамында судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайтуға баса назар аударып, сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі міндеттелді. Судья қызметіне үміткердің кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу, үміткердің соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтуі, одан кейін судьяның бір жылдық сынақ мерзімінен өтуі тиіс екені талап етілді.

Елбасы сонымен қатар судьялардың есеп беру тәртібін күшейту мақсатында судьялардың жаңа этикалық кодексін жасауды міндеттеді, соның негізінде азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алады. Сот істерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу қажетті екендігін айтып, судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиістігін қадап айтты.

Ұлт көшбасшысы «Ұлт жоспары-100 нақты қадам» мемлекетті жаңғырту жолындағы бағдарлама ретінде жаhандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы күресуге жұмылдыратын әрі еліміздің әлемдегі дамыған мемлекеттердің отыздығы қатарына қосылуына жол бастайтын қауқары зор маңызды құжат»,-деп атап көрсеткен болатын.

 Сондықтан, біз де Елбасымыз айқындап берген нақты мақсат-міндеттерді мінсіз атқарып, ұлт көшбасшысының қойып отырған үдеріс деңгейіне шыға білуіміз керек.  Қорыта келгенде айтарым елімізде жалпы сот саласына қатысты жүргізіп отырған реформалар азаматтардың құқықтары мен бостандықтары баянды етілген, жоғары деңгейде дамыған сот жүйесі бар нағыз құқықтық мемлекет құруға септігін тигізеді деп есептеймін.