Гульнара Тиштикбаева, Қазалы аудандық сотының судьясы «100 қадам» аясында жүктелген тапсырмаларды орындау – ортақ міндет» // «Тәуекел туы» газеті 2015 жылғы 5 қыркүйек

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Мемлекет басшысы міндеттеген «100 нақты қадам» жоспары сот саласына тың міндеттер жүктемек. Белгіленген бағыт-бағдар бойынша жүріп, ондағы тапсырмаларды орындау – ортақ міндет.

Ұлт Жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» делінген.

Елбасы өз сөзінде бұл бағдарламаны орындау аясында Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі артатынын, «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын 5 реформада нақты 100 қадам жасалатынын атап көрсетті.

Заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған екінші реформада 19 жаңалық енгізілген болса, оның 11 қадамы, яғни 16-26 қадамдар республикамыздағы сот жүйесін реформалауға қатысты мәселелерді қамтыған.

Атап айтқанда, 16-қадам бойынша азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу қарастырылған. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру мәселесі Елбасы назарынан қашанда тыс қалған емес. Азаматтардың, мемлекеттің және ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерінің соттар тарапынан дер кезінде қорғалып, олардың жоғарғы саты сот инстанцияларына жүгіну арқылы уақыт оздырмай, істердің үш сатылы сот инстанциясында шешілуі заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуда, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жасалған оң қадам.

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайтуға баса назар аударылып, сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі 17-қадамда міндеттелді. Сонымен қатар судья қызметіне үміткердің кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу, үміткердің соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтуі, одан кейін судьяның бір жылдық сынақ мерзімінен өтуі тиіс екені талап етілді.

Ұлт көшбасшысы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам мемлекетті жаңғырту жолындағы бағдарлама ретінде жаһандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы күресуге жұмылдыратын әрі еліміздің әлемдегі дамыған мемлекеттердің отыздығы қатарына қосылуына жол бастайтын қауқары зор маңызды   құжат», - деп  атап  көрсетті.

Сондықтан Елбасы бағыт-бағдарын айқындап берген нақты міндеттерді мінсіз орындау  біздің басты міндет.