Аудандық сот төрағасының, облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот судьясының және сот алқалары төрағаларының қызметтеріне кадр резервін ұйымдастыру қағидалары

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қазақстан Республикасы

Жоғары Сот Кеңесінің

2016 жылғы 17 ақпандағы

хаттамалық шешімімен

бекітілген

 

Аудандық және оған теңестіріліген сот төрағасының, облыстық және оған теңестіріліген сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот судьясының және сот алқалары төрағаларының қызметтеріне кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмысты ұйымдастыру қағидалары

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары, жергілікті соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары қызметтеріне жоғарылату үшін кадр резервіне (бұдан әрі – кадр резерві) алу осы Ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

Арнайы дайындалған резервтің болуы төраға қызметіне кездейсоқ  және біліксіз адамдарды жоғарылатуға мүмкіндік бермейді әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әсерлі құралы болып табылады.

Кадр резервіне «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның және осы Ережелердің біліктілік талаптарына сай келетін, судья қызметінде жұмыс өтілі жеткілікті, жұмыс көрсеткіштері жақсы, ұйымдастырушылық қабілеті бар және еңбек жолы мінсіз жұмыс істеп жүрген судьялар алынады.

Жоғары Сот Кеңесінің отырыстарында, Жоғарғы Соттың, облыстық және оған теңестірілген соттардың жалпы отырыстарында бос тұрған қызметтерге кандидатураларды талқылау кезінде басымдық кадр резервінде тұрған адамдарға беріледі.

Адамдарды резервке алу, іріктеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру үшін Жоғарғы Сотта республикалық комиссия, ал облыстық және оған теңестірілген соттарда кадр резерві жөніндегі облыстық комиссиялар құрылады. Кадр резервімен жүргізілетін жұмысқа жалпы басшылықты тиісті соттардың төрағалары жүзеге асырады.

 

2.  Кадр резерві жөніндегі комиссияны құру және оның құзыреті

 

2. Жоғарғы Соттың Төрағасы Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қарауына Республикалық комиссияның құрамы туралы ұсыныс енгізеді. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғары Сот Кеңесіне бекітуге енгізуі үшін Республикалық комиссия төрағасы мен мүшелерінің кандидатураларын қарайды.

Облыстық комиссиялардың құрамы тиісті облыстық және оған теңестірілген соттар төрағаларының өкімдерімен бекітіледі.

Комиссия төрағадан, хатшыдан және мүшелерден тұрады. Комиссия мүшелерінің саны тақ сан болуы тиіс және кем дегенде бес адамнан тұруы керек. Комиссия құрамына судьялармен қатар отставкадағы судьялар, соттар аппараттарының кадр жұмысын жүргізуге жауапты қызметкерлері кіре алады.

3. Комиссиялар өз жұмысын өздері бекіткен жоспарға сәйкес ұйымдастырады, комиссиялар отырыстары кем дегенде жарты жылда бір рет өткізіледі.

4. Комиссия төрағасы оның жұмысын ұйымдастырады, сот төрағасымен бірге комиссияның жұмысын үйлестіреді, кадр резерві жұмысын ұйымдастыруды жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізеді, кадр резервінің жұмысына талдау жасайды және бұл туралы тиісті соттың төрағасын не жалпы отырысын хабардар етеді.

5. Комиссия хатшысы комиссия отырысының хаттамасын жүргізеді, сондай-ақ тиісті өзгерістерді уақытында кадр резерві жөніндегі құжаттамаға енгізеді.

6. Комиссия мүшелері резервке алынатын кандидатуралар бойынша  ұсыныстар енгізеді, кандидаттардың жеке және іскерлік қабілеттерін тексеруді іске асырады, сот төрағасының тапсырмасына орай, резервке алынған адамдарға қатысты келіп түскен шағымдар мен хабарлар бойынша тексеру жүргізеді, кадр резервінің іскерлік біліктілігін көтеру жөніндегі шараларға қатысады.

7. Комиссия төрағалары соттардан, Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органнан  комиссияның жұмысына қажетті құжаттарды және материалдарды сұратып алдыруға құқылы.

8. Комиссия төрағалары тиісті соттар төрағаларымен келісе отырып кадр резервіне кандидаттарды комиссия отырысына, ал резервте тұрған адамдарды резервте тұру мәселесі және басқа да мәселелер бойынша шақыра алады.

9. Облыстық комиссиялар облыстық және оған теңестірілген соттардың сот алқаларының төрағалары, сондай-ақ аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қызметтеріне кадр резервін қалыптастырады.

10. Республикалық комиссия облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметтеріне кадр резервін қалыптастырады.

11. Комиссия шешімі ашық дауыспен қабылданады және оған отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледі. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді, оған комиссияның төрағасы және хатшысы қол қояды.

 

 

3. Кандидаттарды кадр резервіне алу үшін іріктеудің

                                                 тәртібі мен шарттары

 

12. Судьялық жұмыста кемінде бес жыл өтілі, тиісті біліктілігі бар және еңбек жолы мінсіз, сондай-ақ ұйымдастырушылық қасиеттерге ие әрбір судья аудандық және оған теңестірілген соттың төрағасы қызметіне кадр резервіне тұруға құқылы.

Облыстық және оған теңестірілген соттың сот алқасы төрағасы қызметіне судьялық жұмыста кемінде он жыл өтілі бар, оның ішінде облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы қызметінде кемінде үш жыл немесе аудандық соттың төрағасы қызметінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі, тиісті біліктілігі бар, еңбек жолы мінсіз және ұйымдастырушылық қасиеттерге ие әрбір судья кадр резервіне тұруға құқылы.

Облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы қызметіне судьялық жұмыста кемінде он жыл өтілі бар, оның ішінде облыстық және оған теңестірілген соттың алқа төрағасы қызметінде кемінде  ш жыл жұмыс өтілі, тиісті біліктілігі бар, еңбек жолы және ұйымдастырушылық қасиеттерге ие мінсіз әрбір судья кадр резервіне тұруға құқылы.

Заңгерлік кәсібі бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі бар, оның кемінде он жылы судьялық жұмыс өтілі болатын, оның ішінде бес жыл облыстық соттағы судьялық жұмыс өтілі, тиісті біліктілігі бар, еңбек жолы мінсіз және ұйымдастырушылық қасиеттерге ие әрбір судья Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне кадр резервіне тұруға құқылы.  

Жоғарғы Сот судьяларының және облыстық және теңестірілген соттары төрағаларының кадр резервіне үміткерлер облыстық және оған теңестірілген соттың жалпы отырысының ұсынымы бойынша қабылданады.

Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы қызметіне кадр резервіне Жоғарғы Соттың жұмыс істеп жүрген судьялары қойылады.

13. Кадр резервіне тұру тәртібі төменгі қызметтен жоғары қызметке ауысудың сабақтастығы қағидатына негізделеді. Жоғары тұрған соттардың судьялары төмен тұрған соттардағы басшы қызметтерге резервтен тыс тағайындалуы мүмкін.

 14. Аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, облыстық және оған теңестірілген соттардың сот алқаларының төрағалары қызметіне жоғарылату үшін резервке тұруға ниет білдірген судьялар өзі резервке тұруды қалаған қызметті көрсетіп, облыстық комиссияға арыз бере алады.

15. Жоғарғы Соттың судьялары, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қызметіне кадр резервіне тұруға ниет білдірген судьялар кадр резерві жөніндегі облыстық комиссияға арыз бере алады, комиссия қажетті құжаттарды Кадр резерві жөніндегі республикалық комиссияға жолдайды.

Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы қызметіне кадр резервіне тұруға ниет білдірген судьялар Кадр резерві жөніндегі республикалық комиссияға арызы мен құжаттарымен береді.

16. Кадр резервінің тізімдеріне алу туралы ұсыныс беруге Жоғарғы Соттың Төрағасы, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы, Республикалық комиссияның төрағасы, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары не тиісті облыстық комиссия төрағасы құқылы, бұл жағдайда кандидатты резервке алу үшін оның келісімі міндетті түрде қажет.

Кадр резервіне қою сондай-ақ Сот жюриінің кепілдемесі негізінде болуы мүмкін.

17. Судьяның арызын не тиісті лауазымды адамның не облыстық комиссияның ұсынысы комиссия судьяның жұмысының мерзімдері мен сапасы туралы мәліметтердің, облыстық немесе оған теңестірілген соттың төрағасы қол қойған қызметтік мінездеменің негізінде, сондай-ақ кандидаттың тиісті құжаттары бойынша қарайды.

18. Кадр резерві тізіміне алу туралы шешім әрбір үміткерге қатысты жеке қабылданады. Шешімде кандидаттың қандай қызметке резервке алынғаны көрсетілуі керек. Мысалы: «сот алқасының төрағасы қызметіне, аудандық және оған теңестірілген соттың төрағасы қызметіне орналасу үшін резервке алынсын».

19. Облыстық комиссияның шешімі облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының қарауына енгізіледі, ол комиссия шешімімен келіскені туралы не комиссия шешімінің күшін жою туралы бір айлық мерзім ішінде қаулы шығарады. Жалпы отырыс комиссия шешімімен келіскен жағдайда судьяның аты-жөні кадр резерві тізіміне енгізіледі. Комиссияның шешімі және жалпы отырыстың қаулысы судьяның жеке ісіне тігіледі.

20. Егер кадр резерві тізімінде тұрған судья жыл бойы сот төрелігін іске асырудың жоғары сапасына қол жеткізгенін растаса, жұмыс барысында және жеке мінез-құлқымен ескерту алмаса және кадр резерві үшін арнайы ұйымдастырылған сабақтарға ұдайы қатысса әрі резервте қалуды қаласа облыстық және оған теңестірілген соттың жалпы отырысы оны келесі жылға кадр резерві тізімінде қалдырады.

21. Кадр резервінде болу уақыты үш жылдық мерзім белгіленген аудандық соттың төрағасы лауазымына кадр резервінде тұрған судьяларды қоспағанда, судьяның резервте болу мерзімі шектелмейді.

22. Комиссия шешімі бойынша кадр резерві тізімінен шығару мынадай негіздерге байланысты жүргізіледі:

1) резервте тұрған адамның арызына;

2) Судья әдебінің кодексін бұзуға жол беруіне не судьяның тәртіптік жауапкершілікке тартылуына;

3) сот төрелігін іске асыру сапасының төмен болуына байланысты;

4) «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда көрсетілген негіздерге байланысты судьяның лауазымынан босатылуы;

5) Сот жюриі судьяны кәсіби жарамсыздығына байланысты лауазымына сай келмейді деп тануы.

23. Кадр резервінің тізімінен шығару туралы шешім қабылданарда тексеру жүргізілуі мүмкін, бұл жағдайда судья комиссия отырысында  түсініктеме беруге құқылы. Комиссияның кадр резервінен шығару жөніндегі шешімі облыстық соттың және Жоғарғы Соттың жалпы отырысында, сонымен қатар Жоғары Сот Кеңесінде бекітілуге жатады. Кадр резервінің тізімінен шығару туралы шешім судьяға хабарланады.

24. Облыстық комиссиялар жылына екі рет ағымдағы жылдың маусым және желтоқсан айларында өзінің отырыстарында облыстық және оған теңестірілген соттардың сот алқаларының төрағалары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қызметтеріне кадр резерві тізімдерін қарайды және бекітеді, оларды облыстық және оған теңестірілген соттардың жалпы отырыстарының бекітуіне ұсынады. Облыстық комиссиялар бекітілген кадр резерві тізімдерін жыл сайын 15 маусымға және 15 желтоқсанға дейін республикалық комиссияға жолдайды.  

25. Республикалық комиссия өзінің отырыстарында облыстық кадр резерві тізімдерін қарап, осы Ереженің талаптарына сәйкестігін тексереді және оларды кадр резервінің республикалық жиынтық тізіміне енгізеді. Егер республикалық комиссия судьяны резервке негізсіз қойылған деп тапса, онда комиссия оны Республикалық тізімге енгізбейді. Қабылданған шешімнің себебі хаттамаға жазылады, хаттама облыстық комиссияға және судьяның өзіне жолданады.  

26. Республикалық комиссия облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағалары, Жоғарғы Соттың судьялары қызметтеріне кадр резервіне тұру жөніндегі тізімді ағымдағы жылдың шілде және желтоқсан айларында қалыптастырады және Жоғарғы Соттың жалпы отырысына бекітуге енгізеді.

27. Республикалық комиссия кадр резервімен жұмысты талдайды және бұл туралы Жоғарғы Сот Төрағасын хабардар етеді, оның тапсыруы бойынша осы жұмыстың жағдайымен танысу үшін жергілікті жерлерге шығуды жүзеге асырады.

28. Резервте тұрған судьяның қойылған талаптарға сай келмейтіндігі анықталған жағдайда Республикалық комиссия оны кадр резерві тізімінен шығару туралы шешім қабылдайды.

29. Жоғарғы Соттың жалпы отырысында бекітілген республикалық кадр резервінің жиынтық тізімі Жоғары Сот Кеңесіне қарау үшін жолданады.

 

4. Кадр резервімен жұмысты ұйымдастыру

 

30. Облыстық соттардың төрағалары кадр резерві жөніндегі облыстық комиссиялармен бірлесіп, резервте тұрған адамдардың іскерлік және  моральдық қасиеттерін терең зерделеу, олардың кәсіби шеберлігін арттыру және ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады. Кадр резервіне алынған судьялар резервте болу кезінде, облыстық немесе оған теңестірілген соттың төрағасы бекіткен жеке жоспар бойынша арнайы дайындықтан өтеді, онда: 

1) тағылымдамадан өту және біліктілікті көтеру;

2) кеңестердің, алқалардың жұмыстарына, оқу-әдістемелік семинарларға, ғылыми-практикалық конференцияларға және кәсіби деңгейді көтеруге бағытталған басқа да шараларға қатысу;

3) төраға еңбек демалысында, іссапарда немесе уақытша еңбекке жарамсыз болған кезде оның міндеттерін уақытша атқару;

4) қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін басқа да іс-шараларды өткізу қарастырылады.

 

____________________