Отбасылық даулардағы балалардың құқығын қорғау.

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

         Отбасы әрбір мемлекеттің тірегі, әрбір мемлекет отбасыдан құралады. Отбасы ең бірінші кезекте кәмелетке толмаған балаларының дұрыс дамуы үшін өте маңызды институт. Отбасының кәмелетке толмаған балаларды  тәрбиелеудегі орны мен маңызы бөлек. Әкесі мен анасының махаббатына күнделікті бөленіп өсуі баланың дұрыс дамуына, қоғамға бейімделуіне, адами, ұлттық және діни құндылықтарды бойына сіңіруіне толық мүмкіндік туғызады. Кәмелетке толмаған бала толық отбасында ма, әлде анасының немесе әкесінің  тәрбиесінде тәрбие алуы баланың болашақта жақсы ата-ана  болуына,  жақсы  ерлі-зайыпты  болуына  тікелей  байланысты. «Балапан ұяда не көрсе,  ұшқанда соны  істейді»  деген  қағидасы бала тәрбиесінің негізі. Ата-ана  баланы өзінің  күнделікті ісімен,  болмысымен  тәрбиелейді.

Қазақ қоғамын алаңдататын мәселелердің бірі – мемлекеттің іргетасы саналатын отбасының беріктігі десек қателеспейміз. Бүгінгі күні ерлі – зайыптылардың ақ некелерінің бұзылуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқан секілді. Шаңырақтың шайқалуына себеп те, уәж де көп.

Дәм-тұзы жараспаған ерлі-зайыптылар екі бөлек кетсе де, бала тәрбиесі мен оны бағып - қағу ортақ болып қалады.

Сотта кәмелетке толмаған балалардың қылмыстық істерін, девиантты  мектепке орналастыру туралы істерді қарау барысында қылмыс жасауына  немесе девиантты мінез-құлықты бала болуына ең бірінші себеп бұл баланың  толық  емес  отбасында  тәрбиеленуі, кәмелетке толмаған баланың ата-анасының ажырасу «процедурасынан» өтуі, ата-анасының баланың тәрбиесіне қарамауы. Барлығымызға құпия емес, ерлі-зайыптылардың  ажырасуы әрбір кәмелетке толмаған балаға ауыр стресс болып тиеді, ал  стресс баланы ауруға шалдығуына немесе баланың мінез-құлқы  мен құндылығының өзгеруіне әкеліп соғады.       Яғни, некенің бұзылуы оның болашақта  қылмыс  жолына  түсуіне үлкен  әсер  ететін  фактор. Көбінесе, ажырасып  кеткен  ата-ана  материалдық жағдайын түзеу қамымен  жүріп, баланы бетімен жіберіп, баланы көшенің тәрбиесіне қалдырып  жатады.

         Казіргі статистика бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген  әрбір үшінші неке бұзылып жатыр. Бұл үлкен көрсеткіш. Бұл қаншама  балалар тірідей жетім болып тәрбиеленіп жатыр деген сөз. Бұл ұлттық мәселе, дабыл қағатын  жай.

        Отбасылық даулар барлық қатысушы тараптар үшін эмоционалды және күрделі болуы мүмкін. Алайда күйзеліс жағдайында балалардың құқықтары мен әлауқатына басымдық беру өте маңызды.

         Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен «Отбасылық сот» пилоттық жобасы жұмыс істеп жатыр, бұл жобаның негізгі мақсаты отбасын  сақтап  қалу. Отбасын сақтап қалуы арқылы біз сол отбасында туылған балалардың стреске түспеуіне, балалардың қылмыс жолына түспеуіне жағдай  жасаймыз.

         Шындығын айтуымыз қажет тек ғана сот бұл мәселені шеше алмайды. Сот отырыстарында, көбінесе, асқынып кеткен ауруға тап  келеді.

         Сотта қаралған  істерге  қарасақ  көптеген  азаматтарымыз отбасын  құруға психологиялық және әлеуметтік  даму тұрғысынан дайын емес болып келеді. Отбасын құрған азаматтарымыздың отбасында өзінің жұбайылық  міндеттерін  дұрыс  түсінбейді, тиісінше  жауапкершілікті жете сезінбейді, балалы  болған  кезде  ата-аналық құқықтары мен міндеттеріне тым жеңіл  қарайды. Бұл жағдай біздің қоғамда отбасылық құндылықтарын насихатталуының төмен деңгейін білдіреді. Біздің қазіргі мектептерімізде  отбасылық құндылықтарымызды балалардың бойына сіңіру жолға  қойылмаған. Қоғамның өзінде де тек соңғы екі-үш жыл ішінде ғана қолға алынып келе жатырған үлгілі  отбасы конкурстары өтіп  жатыр.

         Сондықтан отбасын сақтағымыз келсе отбасы құндылығын, әке мен  ананың  үлгісін мектепте  беруіміз қажет. Апта  сайын  болмағанымен  айына  екі рет немесе айына бір рет болса да  арнайы сабақтар өткізу, үлгілі  отбасын  көрсету  қажет. Яғни,  отбасылық  өмірге мектепте дайындауымыз  қажет. Біз балаларды мектепте сапалы отбасылық өмірге дайындасақ қоғамда жас балалардың жүктілігі, жас балалардың түсік тастауы азаяр, балаларымыз отбасылық өмір не екенін, ерлі-зайыпты болуы, ата-ана болу қандай  жауапкершілік   екенін  кішкене  болса  да  сезінер еді.

         Екіншіден, отбасын құрғысы келген жас азаматарымызға заңды  некеге тұрар  алдында отбасы  құндылықтары  туралы лекциялар  оқу  өте  қажет  деп  санаймын. Яғни, АХАТ  бөлімдеріне  заңды  некеге  тұруға  арыз  берген  кезде  АХАТ  бөлімдері  ол  азаматтарды лекция  тыңдауға міндеттеп, лекция тыңдатса. ҚР «Неке  және  отбасы» Кодексі нормасында заңды неке АХАТ  бөліміне неке тіркеу туралы арыз бергеннен кейін бір  айдан кейін тіркеледі. Осы норманы пайдаланып, осы АХАТ бөлімдерінде тиісті отбасылық  психологтар жас  жұбайларға  арнайы  лекциялар   жүргізіп,  ол  лекцияларды  тыңдау арыз берушілерге міндетті  болса. Ол лекцияларға дін  өкілдерін, ардагер ата-әжелерімізді қатыстырсақ та болады. Бұл жұмысты Татуласу  орталықтарының  психологтары  жүргізе  алады.

         Заңды неке институтына үлкен әсер етіп отырған фактор  ретінде   қоғамымызда  белең алып кеткен азаматтық неке институты. Азаматтық  неке деген заңда ұғым жоқ. Бірақ көптеген азаматтарымыз ортақ  шаруашылық  жүргізеді,  бірге  тұрады, алайда заңды  некеге  тұрмайды.

Азаматтық некенің  қандай зиян  тұстары  бар?

         Азаматтық неке ең бірінше кезекте кәмелетке толмаған  балалардың  құқығын  бұзады. Азаматтық  некеде  туылған  баланың  әкелігі  анықталуды  талап етеді. Яғни, азаматтық некеде туылған баланың әкесіне қатысты  бөлігінде әкелігі анықталмайынша алимент алуға, басқа да әкесінің  мүліктеріне, мұрагер болуына тосқауыл болады. Бұл баланың анасының  тиісті  түрде  сотқа немесе АХАТ  органдарына жүгінуге мәжбүрлейді.

         Сондықтан азаматтық  некемен күресетін және заң  шеңберінде тыйым  салуға  уақыт жетті  деп  санаймын. Ислам  дінінде  де,  христиан  дінінде  де некеге тұрмай бірге тұруға, ортақ шаруашылық жүргізуге рұқсат  берілмеген. Осы тұрғыдан  дін  өкілдерімен келісіп, діни некені және заңды некені бір арнаға келтіруге болады. Діни қызметкерлеріміз діни некені заңды некеге тұрмай тұрып қимайтын болса азаматтарымыздың  заңды  некеге тұруға  бет  бұрар еді.

         Заңды  неке  бұзу туралы  сотқа  талап  арыз түскен соң  «Неке  және  отбасы туралы» Кодексінің талабына  сай  сот істі бір  айдан  кейін қарайды. Заң шығарушы бұл норманы әдейі енгізген, себебі, көптеген азаматтар эмоцияға беріліп, бір күндік ұрыс-керіс салдарынан ажырасуға бел  буып  жатады. Осы  бір ай  ішінде  сот  өзінің ұйғарымымен жұбайларды татуласу  орталықтарына  жолдап, татуласу орталықтары жұбайлармен жұмыс істесе. Татуласу  орталықтарында психолог, медиатор  мамандар  жұмыс  істеп,  тиісті  көмек  берілсе.

         Татуласу  орталықтары әрбір  соттың  қасында  ашылып,  жұмыс  істеу  қажет. Жұбайлар  татуласу  орталықтарына  баруы  міндеттелуі  қажет. Сол  кезде шаңырағы  шалқайып  тұрған  ерлі-зайыптыларға  басқа  адамдардың  кеңесіне  жүгінуіне, жұбайлардың өздерінің  отбасылық мәселелерін  басқа  адамдардың көзқарасымен көруіне мүмкіндік туады. Кейбір  кезде  психологтар  мен  медиаторлар жұбайлардың  тап  болған  мәселелерін  шешу  жолдарын  көрсетіп, отбасын  сақтап  қалуға жол  ашылар  еді.

         Әрбір  отбасы  жұбайлардан және  жұбайлардың  балаларынан  тұрады. Сот  практикасында  кездесіп жүргеніміздей кейбір  отбасыларда  баланы  ата-анасының салғырттығынан, қатыгездігінен, өз құқықтарын  теріс  пайдалануынан  сақтау  керек. Яғни, тиісті түрде ауырған баласын  емдетпеу, баласын қауіпті  жағдайда қалдыру, оқумен  қамтамасыз  етпеу  және  тағы  да  басқа баланың дамуына қауіп болған  кезде баланың  құқығын  мемлекеттік  орган  қорғау  қажет.

Бұл  жерде қамқоршылық  және  қорғаншылық  органдарының орны  ерекше.Мықты, белсенді, қарулы  қамқоршылық  және  қорғаншылық  орган  ата-аналарды тәртіпке  салады,  балалардың құқықтары бар екеніне  ата-аналардың  есіне  салып  отырады, қажет болса, баланы отбасынан  алып  қоюға  да  барады.

         Алайда,  казіргі таңдағы республикамыздағы бала  құқығын  қорғайтын  мемлекеттік  орган - бұл қамқоршылық  және  қорғаншылық  орган білім  бөлімдерінде  орналасқан. Аудандарда бір немесе  екі  маман  ғана  болса,  қалаларда  4-5  маманға  ғана бекітілген. Қамқоршылық  және  қорғаншылық  органның  жұмысымен  білім  бөлімдерінің  басшылары атүсті  айналысады,  көбінесе,  айналыспайды  десек  де  болады.  Ал бөлімде бекітілген  мамандар қорғаншылық  және  қамқоршылық  функцияларын  толыққанды  жүзеге  асыра  алмай  отыр, себебі,  маман  тапшы және жұмыс  ауықымы  үлкен. Мысалыға, Қызылорда  қаласында 98 686  кәмелетке толмаған  бала  болса  қалалық  білім  бөлімінде бір мемлекеттік  қызметші маман  және  төрт  маман  инспектор  бекітілген. Аталған  мамандар  қала  бойынша  450 қорғаншылық және патронаттық тәрбие белгіленген балаларға  мониторинг  жүргізуін, қаншама асырап  алуға  тілек  білдірген  азаматтарды  тіркеп, олардың тұрғын жайын  қарауын, асырап  алушылардың  есебін алып, мониторинг жүргізуін, органға  жүгінген  ата-аналардың шағымдарын  қарауын, сот  отырыстарына  қатысып,  қорытынды беруін  толыққанды  және  сапалы жүргізе  алмайды. Әлсіз қамқоршылық  және  қорғаншылық  орган  баланың құқықтарының бұзылуына  тосқауыл бола  алмайды.

         Казіргі  таңда  балалардың  құқықтары  толыққанды  және  өз  уақытында қорғалып  жатыр  деп  айта  алмаймыз.

         Сондықтан бала  құқығын  қорғайтын  арнайы  бөлек  Департамент  және  аудан, қалаларда  бөлімдер  ашып, штат  санын  ұлғайту  қажет. Біз бала  құқығын  қорғаймыз  десек, бала  құқығын  бірінші  кезекке  қойсақ  осындай шараға  баруымыз  қажет.

         Отбасын  сақтап  қалу әрбір мемлекеттің маңызды жұмысы  болып  табылса, толыққанды  отбасында  тәрбиеленген  балалар мемлекеттің тұрақты  дамуының  негізі  болады.

         Сондықтан  республикамызда отбасын  сақтап  қалу  үшін арнайы  бағдарлама әзірлеп, заңнамаға өзгерістер  енгізіп, бағдарлама  аясында  сот  пен  бірге басқа  да  мемлекеттік  органдар  мен  діни ұйымдар  атсалысу  қажет. Сол  кезде  ғана біз отбасын  сақтап  қалуға  нақты  әрекеттер  жасаймыз.

Тәрбие-талбесіктен басталады. Ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуде отбасы үлкен рөл атқарады. Ата-ананың мейірімін көріп өскен бала ертеңгі мемлекетіміздің абыройы.

 

Қызылорда облыстық сотында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайратбек Бержанов