«Әкімшілік әділет. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі»

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі  2021 жылғы 1 шілдеден бастап   күшіне енді. Кодекске  азаматтардың мүддесін қорғауға, оның ішінде мемлекеттік органдардың негізсіз уәжден қорғауға арналған  қағидаттар   енгілгенін  атап өткен жөн.  Кодекс   әртүрлі алаңдарда ұзақ және жан-жақты талқылаудан өтіп, заңгерлер қоғамдастығы үшін, жалпы құқықтық мемлекеттігіміздің одан әрі дамуы үшін маңызды болып табылды. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылатыны айтылған. Бүгінгі таңда мемлекет пен азамат арасындағы даулар әкімшілік соттардың соттылығына өтті. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары, ал мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі осы Кодекспен реттелетін қатынастар болып табылады.

        Мемлекетіміздің, мемлекеттік институттардың дамуымен қатар  қазіргі заңдық базасын жетілдіру де маңызды аспектілердің бірі болып табылады. Яғни қоғамымыз алға басып, құқықтық жағынан дамыған сайын заңдар да заман талабымен үндесіп, жетіле түсетіндігі табиғи заңдылық. Қоғамдық қатынасты реттейтін заңдар ескіріп, орнына жаңадан заңдар қабылданып, кейбір заңдарға, нормативтік-құқықтық актілерге, кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатады. Соның бір дәлелі қазіргі уақытта еліміздің құқықтық кеңістігінде кеңінен талқыланып, оны жүзеге асыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіле отырып,  қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі».

         Жалпы әкімшілік әділет ұғымы сот орындары тарапынан әкімшілік органдар шешімдерінің заңдылығы туралы дауларды реттеу, жекелеген азаматтар мен әлеуметтік топтардың құқықтарын қорғау, судьялардың әкімшілік билік органдары шешімдерін талдау және жарамсыз деп тану, сот бұйрығын шығару арқылы атқарушы билік органдарының қызметіне бақылау жасау мүмкіндігін білдіреді. Оның тетіктері шешімдерді орындату, қажет болған кезде мәжбүрлеп орындату міндеттілігімен, жекелеген құқықтарды емес барлық құқықтарды қорғайтын кешенділік сипатымен, саясатқа емес, заңға негізделуімен ерекшеленеді.

         Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті  қабылдауының мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін енгізу және олардың жұмыс істеуі, сонымен қатар қоғамдық-құқықтық дауларды қарау, сондай-ақ  азаматтарға шешімдер қабылдауға нақты қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді белгілеу. Яғни аталмыш кодекс аясында азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беріледі. Егер азаматтар мен заңды тұлғалар әкімшілік органдардың шешімдерімен келіспесе, олар жаңа мамандандырылған әкімшілік соттарға шағымдана алады. Бұл ретте, ӘРПК-де соттың белсенді рөлі қағидаты енгізілді, онда сот өз бастамасы бойынша дәлелдемелер жинайды (егер олар жеткіліксіз болса), судья азаматқа талап қою талаптарын тұжырымдауда жәрдем көрсетеді, талап қоюларды қайтару үшін формальды негіздер алып тасталады.

        Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Кодекс құрылымы бойынша екі бөлікке бөлінеді: бірі-рәсімдік бөлігі, екіншісі – сот ісін жүргізу бөлігі. Рәсімдік бөлік мемлекеттік органдардың рәсімдерін, соның ішінде мемлекеттік органның өкілеттіктері мен әкімшілік актінің қабылдануы мен шағымдалуы тәртібін айқындаса, сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәртібі, сот шешімі, сот бақылауы секілді іс жүргізу тәртібі бекітілген.

        Кодекстегі маңызды жаңалықтардың бірі талап түрлерінің нақты айқындалуы деуге болады. Сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Ұсынылып отырған өлшемдерге сәйкес олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекетті жасау, тану туралы талап қою болып төрт түрге бөлініп отыр. Бұл ретте азаматтық процеске қарағанда, талаптың ұйғарымдылығы, тексеру көлемі, оның іс бойынша өтуі талаптың нақты түрін таңдауға байланысты екенін ескеру керек.

        Кодекс азаматтардың құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастырып, бетбұрыс жасайтын  тың  заңнама, яғни  мамандандырылған әкімшілік сот құрылғаннан кейін сот өндірісінің «әкімшілік істер» атты төртінші түрі пайда болды.  Олар заңды тұлға мен орган арасында туындаған жария-құқықтық даулар бойынша әкімшілік істерді қарайды. Демек, жеке немесе заңды тұлға әкімшілік органның шешімімен келіспесе, осы бойынша мамандандырылған әкімшілік сотқа талап қоюмен жүгіне алады.

        Аталған заңнаманың тиімді тұсын айтар болсақ, бұл кодексте татуластыру рәсімі қарастырылған. Яғни, тараптар әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығарғанға дейін медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.       

       Әкімшілік рәсімдердің міндеттері жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру; жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу; тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде азаматтардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.

        Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті-жария құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу.

        Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

        Мемлекеттік органдар – өз құзыреті шегінде, жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте белгіленген тәртіппен басқа тұлғалардың немесе айқындалмаған тұлғалар тобының бұзылған немесе дау айтылатын заңды мүдделерін қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.

        Әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

        Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.

        Заңнама мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, соттың процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқығын белгілеген.

        Әкімшілік кодекс азаматтардың  құқықтарының қорғалуының негізгі кепілдіктерін белгілейді. Мемлекеттік органдар азаматтар құқықтарын пайдаланған кезде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіндегі белгіленген барлық міндеттеме мен принципті сақтауы керек. Бұл өте ауқымды сала. Азаматтар жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде теңсіздікке тап болатыны жасырын емес. Демек бұл заң сол олқылықтарды реттеп, оңтайландырады. Кодекске сәйкес  азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктер беріледі және  жоғары тұрған орган мен сотта билік органдары дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктері  белгіленген.   Әкімшілік  соттарда бүгінге дейін жалпы юрисдикциялық, сондай-ақ экономикалық және азаматтық соттарда қаралып келген мемлекет пен азамат арасындағы әкімшілік даулар қаралады. «Мемлекеттік органның шешімімен келіспеген азаматтар осы сотқа талап арызбен жүгіне алады. Мемлекеттік орган сотта өз шешімінің, әрекетінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге тиіс. Сот бұл дәлелдерден бөлек қосымша мәліметтер сұратып, дәлелдемелер жинауға құқылы. Яғни, бұрын судья алдындағы іс материалдары мен дәлелдемелерге ғана сүйенсе, енді әділетті шешім шығару үшін белсенді бола түседі.

         Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде және жоғары тұрған органда және сотта мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітуге және сот жүйесіне жүктемені азайтуға септігін тигізеді.

        Кодексте сонымен қатар бітімге келтіру шараларын белсенді түрде қолдану да ұсынылды. Мәмілеге келтіру шарты ерікті түрде жүзеге асырылып, бұл өз кезегінде сот шығынын азайтып, ал қарым-қатынастарды тартыстық сипаттан арылтады деген үміт бар. Әлемдік тәжірибе бұл институттың да тиімділігін көрсетіп отыр. Әкімшілік сот өзінің шығарған сот шешімдерінің орындалуын бақылап, соған әйкес шара қолданатын құзыретке де ие болмақ. Мәселен, сот кез келген шенеунікке орындалмаған шешім үшін жедел түрде бірнеше рет әкімшілік жаза болып саналмайтын айыппұл сала алады.

         Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заң бойынша судьяға ондай құқық берілмейтін. Судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес болатын. Сонымен қатар, сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.

Әкімшілік  істің  мерзіміне тоқталатын болсақ,  іс сотқа талап қою берілген сәттен бастап қозғалған болып есептеледі және бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда ақылға қонымды мерзімде 3 айға дейін, бұл ретте кассациялық сатыда 6 айға дейін қаралады.

Сонымен бірге, аталған органдардың шешімдеріне шағымданудың ерекше тәртібі көзделген даулардың жекелеген санаттарын (мысалы, салықтық, кедендік даулар) қоспағанда, сотқа дейінгі міндетті шағымдануды да енгізеді.

Қорыта айтқанда осы Кодексті қабылдау мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде және жоғары тұрған органда және сотта мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және сот жүйесіне жүктемені азайтуға  өз септігін тигізері анық.

 

 

                      Қазалы аудандық сотының 

төрағасы Дәурен Нармағамбетұлы  Әбдіхалықов