Татуластыру рәсімдері – ел бірлігін нығайтудың негізі, "Айқын" газеті, 29.03.2024

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

Еліміздің сот жүйесінің негізгі қағидаттары Конституцияға сәйкес жүзеге асырылады. Ата Заңымыздың негізінде Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің сот жүйесінде түбегейлі реформалар жүргізіліп, сол арқылы жалпыұлттық құқықтық жүйе қалыптасып, сот әділдігін өміршең етуде соттардың кәсіби деңгейін көтеру мәселелеріне басымдық берілді. Соның нәтижесінде, елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын, заңның үстемдігін қамтамасыз ететін Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесі қалыптасты.

Қазақ  билерінің төрелік айту дәстүрі Тәуелсіз Қазақстанның тарихында сот жүйесіндегі татуластыру рәсімдерімен жалғасты. Қазіргі таңда сотқа дауласып келген азаматтарға алдымен татуластыру рәсімдерінің тиімділігі, дауды өзара ынтымақпен шешу, бітімгершілікке келу жөнінде түсіндіріледі.

Соттар тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі. Өзара келісімге келген тараптар татуласу келісімін, медиациялық немесе партисипативтік келісім жасап, дауды реттей алады.

       Бүгінде татуластыру рәсімдері отбасылық-тұрмыстық, еңбек құқықтық дауларды шешуге септігін тигізуде.

Сонымен қатар, азаматтық сот ісін жүргізуде сотқа дейінгі хаттама ұғымы енгізілді. Сотқа дейінгі хаттама арқылы азаматтар даулар бойынша өзара дәлелдемелерді алмаса отырып, дауларды шешуге, өзара келісімге келуге мүмкіндік алды. Қызылорда соттарында сотқа дейінгі хаттама арқылы шешілетін даулардың саны уақыт алға озған сайын артып келеді. Мұның өзі сот жүйесінде татуластыру рәсімдерінің тиімді қолданылып отырғанын көрсетеді.

Бұл ретте Қызылорда облысының соттары да сот төрелігін тәуелсіз, бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ете отырып, адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі қызмет атқарып, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға, халық арасындағы дауласу деңгейін азайтуға өз үлесін қосып келеді.

Бүгінде сот жүйесінде даулардың және құқық бұзушылықтардың кейбір санаттарын тараптардың татуласуымен аяқтауға мүмкіндіктер берілген. Мәселен, Қылмыстық Кодекстің 68-бабы татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға арналған. Онда қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататыны көрсетілген.

Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, егер олар жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

Дегенмен де, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша кейбір санаттағы қылмыстық істерді тараптардың татуласуымен аяқтау мүмкін емес. Атап айтқанда, азаптаулар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, абайсызда адам өліміне не екі және одан көп адамның өліміне алып келген қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс жасаған адамдарға медиация тәртібі қолданылмайды.

Осы ретте статистикалық мәліметтерге тоқталып өтсем. Қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылатын істердің санатында Қызылорда соттарында татуласумен аяқталатын істердің көбейгенін байқаймыз. Өткен жылы Қызылорда соттарының өндірісіне 1148 қылмыстық іс түскен. Істердің түсуі алдыңғы жылмен салыстырғанда көбейген.  Барлығы 1141 қылмыстық іс 1212 адамға қатысты аяқталса, осы істердің ішінде 17 адам сот үкімімен кінәлі деп таныла отырып, жазадан босатылған. Яғни, Қылмыстық Кодекстің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сот үкіміне сәйкес жәбірленушімен татуласуына және келтiрiлген зиянды қалпына келтіруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған.

Сонымен қатар, қылмыстық істер бойынша 177 адамға қатысты 152 қылмыстық іс қысқартылса, оның ішінде 147 іс тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған. Мұның өзі, әрине, көңіл қуантарлықтай нәтиже. Қылмыстық құқық бұзушылық орын алса да, азаматтардың өзара келісімге келіп, істі ымырамен аяқтауға тырысқандары қуантады.

Дауды татуласумен аяқтау үрдісі азаматтық істерде де тиімді жүзеге асып келеді. Қазақстан Республикасының Азаматтық Процестік Кодексінде татуластыру рәсімдеріне арналған тарау бар. Онда татуластыру рәсімдерінің жүргізілу тәртібі туралы көрсетілген. Азаматтық істердегі татуластыру рәсімдерінде сот тараптарға татуласу рәсіміне қатысуы үшін шақыру жібере отырып, тараптардың татуласуына шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі. Шақыруда тараптар татуласу рәсімдері - бітімгершілік келісім, медиация, партисипативтік рәсім шеңберінде дауды шешу құқықтарын біліп, сотқа талап қоюдың келіп түскені, татуласу рәсімдерінің артықшылықтары туралы хабардар болады.      Қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде шақыру тиісті ұйғарым шығарылғаннан кейін жіберіледі.

Тараптар татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.

Азаматтық істер бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталып кетсек, 2023 жылы Қызылорда облысы соттарының өндірісіне 21 670 талап қою түскен.  Алдыңғы жылмен салыстырғанда, талап қоюдың түсу көрсеткіші 3 213-ке немесе 14,82% көбейген.

Көбею көрсеткішінің басым бөлігін банктік келісім-шарттар бойынша және нотариалдық іс-әрекеттерге шағым жасау санатындағы арыздар мен шағымдар құраған және бірнеше рет қайталанып түсіп отырған.

Өткен жылы Қызылорда облысының соттарында барлығы 17 435 азаматтық іс аяқталған. Оның ішінде татуласу рәсімдерімен 2 563 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған. Жекелей тоқталатын болсақ, татуласу келісімімен 77 іс, партисипативтік тәртіппен 24 іс, медиация тәртібімен 2 324 іс аяқталған. 

Татуласу рәсімдерінің көмегімен істерді аяқтау барысы әкімшілік істерде де нәтижелі жүзеге асып келеді. Өздеріңізге белгілі, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік қолданысқа енгізілді. Соған байланысты, жаңадан мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды.  Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.

Жеке немесе заңды тұлға әкімшілік органдардың шешімімен немесе әрекеттерімен, әрекетсіздігімен келіспей, жария-құқыққа қатысты дау туындаса, олар Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі негізінде жаңадан ашылған мамандандырылған әкімшілік соттарға талап қоюмен жүгінеді. Яғни, әкімшілік органдардың шешіміне немесе әрекетіне қатысты даулар мамандандырылған әкімшілік соттарда қаралуда.

Сот жүйесінің тәжірибесінде азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің өндірісі қалыптасқаны баршаға белгілі. Енді Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енгізіліп, жаңадан мамандандырылған әкімшілік соттар құрылғаннан кейін, сот өндірісінің «әкімшілік істер» деп аталатын жаңа түрі пайда болды. Ол азаматтар, заңды тұлғалар мен әкімшілік органдардың арасында туындаған жария-құқықтық даулар бойынша әкімшілік істерді қарайды.

Әкімшілік істер бойынша татуластыру рәсімдерінің жүргізілу тәртібіне тоқталатын болсақ, тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.  Жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі.

Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды.

Дауды татуластыру рәсімдерімен реттеу туралы келісім мәжбүрлеу тәртібімен орындаушылық талаптарға сай келуге және тараптарды татуластыратын шарттарды, сондай-ақ сот шығыстарын, оның ішінде өкілдер көрсеткен қызметке ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлу тәртібін қамтуы тиіс. Сот тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатын сот отырысында немесе алдын ала тыңдауда қарайды.

Дауды татуластыру рәсімдерінің көмегімен аяқтау туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша сот өзара келісімді бекіту не одан бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Тараптардың бітімгершілік келісімін бекіткен кезде, сот талап қоюды толығымен немесе тиісті бір бөлігінде қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Ерікті түрде орындалмаған татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім өтінішхат бойынша берілетін атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Өткен жылы Қызылорда облысының соттарында әкімшілік істер бойынша 1239 әкімшілік іс қарауға түскен. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 50,2%-ға көбейген. Істердің санаттары туралы айтсақ, жер дауы, сот орындаушыларының әрекетіне дау айту, мемлекеттік сатып алу, салық дауы, тұрғын үй даулары, еңбек дауы, мүліктік даулар, мемлекеттік қызмет саласындағы даулар, құқық қорғау саласындағы даулар әкімшілік соттардың қарауына жиі түседі.

Дегенмен, 2023 жылы сотқа түскен істердің ішінде жер дауларының саны 4,4 есеге көбейгені байқалады. Оның ішінде азаматтарға жеке тұрғын ұй құрылысы үшін уақытша жер пайдалану құқығымен табысталған жер учаскелерін пайдалану мерзім ішінде игермей, тұрғын үй салуға байланысты даулар көбейген.

 Даулардың басым бөлігі жеке тұлғалардың тұрғын үй салу үшін табысталған уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын ұзартпаған әрекеттеріне және басқа жер учаскесін беруден бас тартқан әрекеттеріне дау айту туралы істер құрайтыны анықталды.

Өткен жылы барлығы  1137 әкімшілік іс аяқталған. Оның ішінде 295 іс татуласу рәсімдерімен аяқталған, 292 медиация, 3 бітім келісімі бекітілген. Бұл барлық аяқталған істердің 25,9% құрайды және республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. 2022 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш үш есеге  жуық артқан.

Сонымен қатар, өткен жылы 595 әкімшілік талап қою қайтарылған, оның ішінде 295 әкімшілік талап тараптардың өзара бітімгершілікке келіп, дауды келісіммен аяқтау туралы ымыраға келуіне байланысты қайтарылған.

Жоғарыда көрсетілген статистикалық мәліметтерден, жалпы облыс аумағында татуластыру рәсімдерінің көмегімен аяқталатын істердің саны артқаны байқалады.

Қызылорда соттарының барлығында Билер кеңесі де жұмыс атқаруда. Олар да өз кезегінде сотқа келіп түсетін дауларды бітімгершілікпен аяқтауға өз үлестерін қосуда. Әсіресе, тұрмыстық түсініспеушіліктерді реттеп, жас отбасылардың сақталып қалуына ерекше еңбек сіңіруде. Олардың өмірлік тәжірибесі, айтар ақыл-өсиеттері жастарымызға ой салып, ашу мен ызға булығып келген тараптардың, кейіннен өзара ымыраға келіп жатқанына да куә болып жатырмыз.

Қазақ халқы ертеден сөзге тоқтай білген. Сол себептен болар, сот жүйесінде іске асырылып жатқан татуластыру шаралары өзінің тиімділігін көрсетуде. Бұл ретте халықты татуластыруға, дауларды азайтуға Қызылорда облысының соттары ерекше үлестерін қосуда.

Би-шешендеріміз ұлт бірлігін нығайту мәселелерін келелі жиындарда талқылап, халық арасындағы келіспеушіліктен туындайтын дауларды шешетін болған. Қызу айтыс-тартыстар ушығып кетер тұста, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін билер айтқан. Қазіргі таңда билердің төрелік айту дәстүрі сот жүйесінде татуластыру рәсімдері арқылы жалғасын тауып, халық арасындағы дауды азайтуға септігін тигізуде деп сеніммен айта аламыз.

 

Әділхади Жұмабайұлы Шығамбаев,

Қызылорда облыстық сотының төрағасы