"Сот жүйесі: Кеше.Бүгін.Ертең". Жалағаш аудандық сотының төрағасы А.Мизанбаев. "Заңгер" журналы. №9, 2022

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

Демократиялық, зайырлы және құқықты мемлекеттердің бәрінде адам құқықтары мен бостандықтары талқыға түскен шақта тағдырының шешілер жері де, жаза атаулының кесілер жері де сот. Соттың әрбір шешімінің артында адам тағдыры тұр. Ғапыл дүниеде адам мен оның өмірінен қымбат құндылық жоқ. Біздің Ата заңымызда да дәл осылай жазылған. Сондықтан сот төрелігін жүргізетін судьялардың, бабалар тілімен айтсақ, бүгінгі билерінің мәртебесі арнайы заңмен айқындалды. Еліміздің тәуелсіздік алған жылдардан бергі сот жүйесінің кешегі жаңғыруы мен бүгінгі дамуы көз алдымызда және ертеңгі күнге деген мақсаты айқын, сенімі кәміл.

Мемлекетті мемлекет ететін заң десек, сол заңның мүлтіксіз орындалуын қадағалап, әділдік принциптерін жүзеге асырушылардың алдында қоғамның және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтан қорғайтын орган − сот жүйесі тұрады. Баршамызға белгілі − сот мемлекетпен бірге пайда болды. Өткенге көз жүгірсек, 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басталған саяси, әлеуметтік және экономикалық қайта құру процесі негізінде елімізде ұлттық құқықтық жүйе қалыптасып, сот жүйесінің реформасы жүргізілді. Егеменді елдің сот саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді.

Сот жүйесінің одан әрі дамуы 2000 жылғы 25 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануына орай жаңа қарқын алды. Конституциялық заң сот-құқықтық реформасының кезекті кезеңіне жол ашты. Заңда республикадағы сот құрылымының принципті жаңа нормалары, соттардың қызметін ұйымдастыру тәртіптері белгіленді. Атап айтқанда, Жоғарғы Соттың шаруашылық және азаматтық істер жөніндегі алқалары біріктіріліп, әскери алқасы таратылды, мұның өзі іс жүргізу заңнамасында қарастырылғандай, сот ісін жүргізуді белгілі бір ізге түсіруге мүмкіндік берді.

Судьялардың тек сот төрелігін жүзеге асыруын, сотқа тән емес қызметтермен соттардың айналыспауын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасы сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту жөніндегі шаралар туралы» 2000 жылғы Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет құрылып, соттардың қызметін және атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету функциялары Әділет министрлігінен алынып, осы Комитетке берілді. Комитет пен облыстардағы соттар әкімшілері ұйымдық, қаржылық және материалдық-техникалық функцияларды орындай отырып, жергілікті соттардың жергілікті атқарушы билік органдарынан тәуелсіздігін қамтамасыз етті.

2002 жылы сот жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған мемлекеттік Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада сот жүйесін жетілдірудің, судьялардың тәуелсіздігін нығайтудың негізгі критерийлері тағы да айқындалды. Сот жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында экономикалық, әкімшілік, ювеналдық (кәмелетке толмағандар ісі бойынша) және басқа да арнаулы соттар институтын дамыту мәселесін қарастыру, сондай-ақ азаматтық-құқықтық дауларды шешудің балама әдістерін, мысалы, аралық соттардың қызметін заңмен реттеу, оларды халықаралық стандарттарға жақындата отырып қарастыру көзделді. Аталған тұжырымдамаға сәйкес, Президенттің Жарлықтарымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Жалпы алғанда, соттарды мамандандыру азаматтардың құқықтарын қорғау шегін кеңейтуге мүмкіндік берді.

2006 жылғы 16 қаңтарда «Алқабилер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданып, аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық істерді қарауға алқабилердің қатысуы қарастырылды. Сонымен қатар, азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізу мақсатында 2004 жылғы 28 желтоқсанда «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» заңдар қабылданды. Бұл заңдар дауларды соттан тыс шешу тәртібін қарастырады.

2007 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер енгізудің нәтижесінде Қазақстанның сот жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғаудың қуатты тетігіне, соның ішінде қамауға алуға соттың санкция беру құқығына ие болды. Сот жүйесінің жұмысын және сот төрелігін іске асыруды реттейтін жаңа заңдар топтамасы қабылданды. «Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер енгізіліп, қамауға алуды санкциялауды соттың ерекше құзырына беру қарастырылды.

2008 жылғы 17 қарашада «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі республиканың сот жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Осы заң сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесінің негізін қалады. Сонымен қатар, 2009 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесі іске қосылды. Осы заңға сәйкес, аудандық сот – бірінші сатыдағы сот, облыстық сот – апелляциялық сатыдағы сот, Жоғарғы Сот – тек қадағалау сатысының соты ретінде жұмыс жасай бастады. Өзге де бірқатар оң өзгерістер жасалды. Міне, осылайша, жаңа тұрпатты сот жүйесін құру жөніндегі міндет бүгінгі таңда өз шешімін тауып, сот органдары елімізде заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асты.

Одан кейінгі жылдары Ұлт жоспарының 12 қадамы бірдей (16-27-қадамдар) сот институтына арналуының өзі бұл салаға айрықша көңіл бөлінгенінің нақты дәлелі болса керек. Еліміздегі бүкіл сот жүйесі осы Ұлт жоспарына сәйкес сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бес сатылы жүйеден оңтайлы үш сатылы жүйеге көшу, судья лауазымына біліктілік талаптарын күшейтуді, барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрге енгізу, алқа билер сотында қолданылатын салаларды кеңейту, сотта қылмыстық сот iсiн жүргiзу айыптаушы және қорғаушы тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидаты негiзiнде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқа ұйымдастыру бағытында нақты қадамдар жасап, халықтың сотқа деген сенімін күшейтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 23 қазанда Қазақстан Республикасының судьяларының VIII съезіне қатысып, еліміздегі сот жүйесінің дамуы және судьялардың мәртебесі туралы ойларымен бөлісті. Президент атап өткен мәселенің түйінін тарқататын болсақ, соттың әділ және тазалық принциптеріне берік болуы үшін қоғам мен мемлекет бірлесе күш жұмсауы қажет. Президент Съезде жасаған баяндамасында судьялардың кәсіби деңгейі мен сот ісінің сапасына тоқтала келіп, бірқатар басымдықтарды алға қойды.

Сонымен қоса, Мемлекет басшысы судья болуға үміткерлерге талаптарды халықаралық тәжірибеге сәйкес күшейту; кандидаттарды іріктеудің жаңа жолдарын қарастыру; сот үрдісіндегі қағазбастылықты шектеп, барынша оңтайландыру және халыққа ыңғайлы қылу; түрлі дау-дамайларды шешуде бітімгершілік тетіктерін қосуды тапсырды.

Президенттің Кеңесте берген тапсырмасынан кейін сот реформасын заңнама тұрғысынан қамтамасыз ету үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің арнайы  отырысы өтті. Жиында сот жүйелері мен судьяларының мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты Конституциялық заңға түзетулер енгізілді. Онда Жоғарғы соттағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасын құру және қазіргі мамандандырылған сот алқасын тарату көзделген.  Сот жүйесін жаңғырту туралы заң жобасында инвесторлар қатысатын дауларды қарау сатылығы қайта қарастырылды. Сонымен қоса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске бірқатар өзгерістер енгізіліп, оны «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңына сәйкес келтіруге бағытталды.

Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Қ.Асанов еліміздегі сот жүйесі қызметкерлеріне мейлінше ашық, анық үндеу жариялап, барша қазақстандықтардың, бизнес өкілдері мен инвесторлардың және бүкіл әлемдік қауымдастықтың сотқа деген сенімін жоғарылату міндетін алға қойды.

Осындай мақсаты айқын міндеттердің нәтижесінде қазір сот саласы уақыт талабына сай жаңа деңгейге көтерілді. Қара қылды қақ жарған кешегі билердің бүгінгі ізбасарлары дауды оңтайлы шешуге де атсалысып, араздасқан ағайынды татуластыруға, ел бірлігін нығайту бағытында да өзіндік үлес қосып келеді. Сот судьялары мыңдаған адамның тағдыры мен дауын шешiп, олардың құқығы мен бостандығын қорғау жолындағы жанкешті еңбектің нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі нығайды. Бүгінгі күні сот жүйесінің ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Төрелік», «Дыбыс-бейнежазба», «Сот кабинеті» сынды бағдарламалар енгізілгендігін атап өтуге болады. Осы қолданылып жүрген сот процестерінің аудио және бейне тіркеуінің жетілдірілген жүйесі шын мәнісінде, сот төрелігі ашықтығымен қамтамасыз етудің ғаламат құралына айналды. Көп жағдайда бұл қолданысқа енген жайттар – сот процесінің әрбір қатысушысы қазір «Сот кабинетіне» кіріп, процестің бейне және аудио жазбаларымен таныса алады. Сонымен қатар бұл жүйе процессуалдық нормалар мен сот этикасын мүлтіксіз сақтауды талап етеді. Сот жүйесінің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз ету бағытында процеске қатысушылардың істің барлық материалдарымен танысуға, кез келген сот сатысында істі қараудың уақыты мен орны туралы хабардар болуға мүмкіндіктер жасалған. Яғни сотқа түскен барлық істер бойынша, істің сотқа түскені, қарауға тағайындалғаны, қаралған күні басқа да іске қатысты мәліметтер тараптарға СМС хабарламалар арқылы жолданады.

Сотта жариялылықты шектеуге жол берілмейді және барлық мүдделі адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Жеке тұлғалар және олардың өкілдері, заңды тұлғалардың өкілдері «Сот кабинетінде» орналастырылған электрондық нысандарды толтыру арқылы электрондық құжаттарды сотқа ұсынуға құқылы. Бұл үшін көрсетілген адамдар «Сот кабинетіне» тіркелуі қажет. «Сот кабинетіне» тіркелген адам электрондық құжаттарды беру сервисінің пайдаланушысы болып табылады.

Сот залына кірген судья бір сәтке ағайын-туыс, жора-жолдас атаулыны ұмытып, тек заңға ғана бағынып, ар-ұятына ғана жүгінуі керек. Данышпан Абай: «Ұят деген — адамның өз бойындағы адамшылығы», – деген екен. Ендеше сот үшін бұлжымайтын ереже ар-ұяттан, адамшылықтан аттамау – біздің басты ұстанымымыздың бірі. Ар-ұятпен бірге айтылатын тағы бір қасиетті ұғым – ар-иман. Тағы сол Абай атамыз айтқандай: «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек». Себебі бізге келген кісілер «мен әділет үйіне келдім, ол жерде мені күтеді, түсінеді, қабылдайды, мәселемді әділ шешеді» деп келеді. Сондықтан біз осындай құрмет пен сенімді ақтап, өз қызметімізді тиісті дәрежеде атқару, халықтың сотқа деген сенімін арттыру біздің басты міндетіміз һәм парызымыз десек те артық айтқандық емес.