"ӘРПК талаптарына сәйкес сот орындаушылардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту бойынша". Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А.Сарсенбаев. "Заңгер" журналы. №3, 2023

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап республика тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданып, жаңа мамандандырылған әкімшілік соттар қызметін бастады.

Айта кету керек, кодекс аясында азаматтар сотқа 4 түрлі талап қоюмен жүгіне алады. Атап айтқанда, мәжбүрлеу, дау айту, құқықты тану және әрекет жасау туралы.

Бүгінгі күнге дейін сотқа түскен талап қоюлардың басым көпшілігі сот орындаушылардың әрекетіне дау айтуды құрайды.

Мәселен, 2022 жылдын 12 айында Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотына сот орындаушыларының әрекетіне дау айту бойынша – 224 талап қою (2021 жылдың 6 айы - 89) түскен. Оның 114 талап қоюы талап қоюшылардың өз арызы және әкімшілік әділетке сәйкес болмағандықтан, мерзімі өтіп кеткендіктен кері қайтарылды. 42 әкімшілік іс бойынша шешім шығарылған.Өткен жылы талап қоюшылар мен сот орындаушылар арасындағы 61 дау татуласу рәсімдері арқылы шешілген.

 Көбінесе сотқа шағынатын азаматтар сот орындаушыларының аумақтық палатасына емес, бірден сотқа жүгінетіндіктен, сот орындаушыларының әрекетіне қатысты даулар көбейіп барады.

Сотқа тікелей жүгінудің алдын-алу мақсатында, 2022 жылғы 22 ақпанда Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік соты мен Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Аталған меморандумға сәйкес, сот ұйғарымымен әкімшілік талап қою өндіріске қабылданған соң, сот тараптардың арасындағы дауды сотқа дейін шешу мақсатында әкімшілік талап қоюды Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасында құрылған келісу комиссиясына жолдайды. Меморандумға сәйкес, кейбір даулар сотқа дейін шешіліп отыр.

Бүгінгі күні соттың бастамасымен кодексте көзделген татуластыру рәсімдері, яғни 120-бапқа сәйкес, сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдап, оларға дауды бейбіт жолмен реттеуге үлесін қосып отыр. Айта кету керек, жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі.

Егер тараптар татуласу келісімін немесе дауды медиация тәртібінде реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаған жағдайда, сот аталған келісімді бекітсе, талап қоюды қайтару жайлы ұйғарым шығарады. Алайда татуластыру рәсімдері нәтижесінде жасалған келісімнің шарттары заңға қайшы келетін болса немесе басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, сот аталған келісімді бекітпейтінін ескеруіміз қажет.

Мәселен, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап қоюшы З. жауапкер жеке сот орындаушы Т.-ның атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулысын даулап сотқа жүгінген.

Алайда, алдын ала тыңдау отырысы барысында соттың бастамасымен татуласу мәселесі көтеріліп, тараптар сотқа ұсынған жазбаша өтінішінде дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келгендерін көрсетіп, оны соттан бекітуді сұрады.

Тараптардың арасында жасалынған дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот ұйғарымымен бекітілді.

 

Талап қою мерзіміне қатысты.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің  136-бабында талап қоюды беруге арналған мерзім айқындалған.

Дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

Әрекет жасау туралы талап қою адамға әрекеттің жасалғаны туралы мәлім болған, сондай-ақ әрекет жасау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

         Ал, сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.           

         Дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.

Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.

Мәселен, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында жеке сот орындаушылардың әрекетсіздіктеріне дау айту туралы талап қоюымен қозғалған әкімшілік іс бойынша талап қоюшының талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтініші қаралды.

         Іс бойынша анықталғаны, атқарушылық іс жүргізу 2021 жылы борышкер А.-ның қайтыс болуына байланысты тоқтатылған.

         Талап қоюшы 2021 жылы мен 2022 жыл аралығында түспеген алиметті өндіру бойынша тиісті іс-әрекеттер жасамаған.

Сол сияқты, сот талап қоюшының қайтыс болған борышкерден өндірілмей қалған алиментті бірнеше жыл өткеннен кейін біліп, осы алиментті сот орындаушыларынан залал ретінде өндіруді сұраған.

Сот ұйғарымымен талап қоюды сотқа беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырудан бас тартылып, талап қоюшының талап қоюы қайтарылды. Сот талап қоюды сотқа беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырудан бас тартуға қосымша себеп ретінде қайтыс болған борышкерден өндірілмей қалған алиментті сот орындаушыларынан залал ретінде өндіру ақылға қонымдылық өлшемшарттарына сәйкес еместігін көрсеткен.

Сонымен қатар, әкімшілік сотта жеке сот орындаушылардың әрекетін заңсыз деп тану, жеке есепшотты бұғаттау, еңбекақыны, алиментті өндіріп алу туралы, сот орындаушылар тарапынан борышкерді уақытылы жұмысқа орналастырмау, борышкердің мүліктік жағдайын тексермеу, атқару өндірісі бойынша мәжбүрлеу шаралары, қарызды өндіріп алу туралы қаулыларды уақытылы шығармау туралы талаптармен сотқа жүгінеді.

         Мысалы, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында талап қоюшылар А., Б., Р.-ның жауапкер жеке сот орындаушы С.-ның іс-әрекетіне дау айту туралы талап қоюы қаралды.

Талап қоюшы соттан жеке сот орындаушы С.-ның қаулы шығару әрекеттерін заңсыз деп тануды, талап қоюшылардың мүлікті билік ету бойынша белгілі бір іс әрекеттер жасауына тыйым салу қаулының күшін жоюды және «Е-нотариат» бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесінен алып тастауды міндеттеуді, пәтерге тыйым салу қаулысының күшін жоюды және Әділет органының тіркеуінен алып тастауды сұраған.

Сот шешімімен әкімшілік талап қою ішінара қанағаттандырылып, жеке сот орындаушысы С.-ның  атқарушылық іс жүргізу өндірісі бойынша борышкердің белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу және мүлікке тыйым салу туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған. Сонымен бірге, борышкердің белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу және мүлікке тыйым салу туралы қаулыларымен «Е-нотариат» біріңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі мен Әділет органдары арқылы салынған тыйымдарды алып тастау міндеттелген.

 

Сот шешімінің орындалуы бойынша.

Айта кету керек, соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс.Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабының тоғызыншы бөлігінде белгіленген мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді.

Сот осы Кодексте белгіленген жағдайларда ақшалай өндіріп алуды қолданады. Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады. Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады, оның көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі. Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені қарау өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамға алдын ала хабарлана отырып, сот отырысында жүргізіледі.

Ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынады.

Ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға оны төлеуден босату немесе ақшалай өндіріп алу мөлшерін азайту туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы.

ҚР ӘРПК-ның 127-бабына сәйкес, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында 16 әкімшілік іс бойынша жауапкерлерге 17  ақшалай өндіріп алу қолданылған, салынған ақшалай өндіріп алулар біреуінен басқасы толық төленген.

Мәселен, талап қоюшы К.-ның  жауапкер жеке сот орындаушысы Б.-ның әрекетсіздігіне, банктік есеп шотын тыйымнан босату туралы қаулысына дау келтіріп, атқарушылық іс әрекеттерін жүргізуді міндеттеу туралы талабы бойынша әкімшілік ісін қарау барысында жауапкер жеке сот орындаушысына талап бойынша қарсы пікірін және атқарушылық іс өндірісін сот белгілеген уақытқа дейін сотқа ұсыну міндеттелген.

Жеке сот орындаушысы Б. процестік құқықтарын теріс пайдаланып, атқарушылық іс өндірісін және қарсы пікірін сотқа уақытылы ұсынбаған.

         Сотпен жауапкерге он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 30630 теңге мөлшерде ақшалай өндіріп алу қолданылған. Осы іс бойынша  талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырылып, сот шешімі заңды күшіне еніп, орындауға жолданған. Алайда, жауапкер жеке сот орындаушысы Б.-ның тарапынан сот шешімін толық орындағанын растайтын құжаттар сотқа ұсынылмаған.

Сот шешімін тиісті түрде орындамағаны үшін жеке сот орындаушысы Б.-ға екінші рет елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, 153 150 теңге мөлшерде ақшалай өндіріп алу қолданылған. Осы ақшалай өндіріп алу өндірілмегендіктен жауапкерден 153150 теңгені өндіру туралы атқару құжаты жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындауға жолданды.

Қорытындылай келе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде жария-құқықтық дауларда, оның ішінде сот орындаушылардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту бойынша туындайтын дауларды шешу мақсатын көздейтін кодекс аясында азаматтар бұрынғыдай өздерінің талабының дұрыстығын дәлелдемейді. Бұл жерде дәлелдеу ауыртпалығы жауапкерге жүктелген. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін тиімді деп білемін.