Облыстық сотта кеңейтілген кеңес өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

         2014 жылдың 10 сәуірінде Қызылорда облыстық сотының мәжіліс залында Қызылорда облысы соттарының 2014 жылдың 1 тоқсанында сот әділдігін жүзеге асыру барысында атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті.

         Кеңеске Қызылорда облыстық сотының төрағасы Н.М.Қайырбеков, облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, облыстық сот кеңсесінің басшысы мен орынбасары, бөлім басшылары қатысты.

Кеңейтілген кеңесті облыстық соттың төрағасы Қайырбеков Нұрлан Мұратұлы ашып беріп, күн тәртібімен таныстырып өтті.

          Сөз кезегін алған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Е.Қарабаев «Қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары» туралы баяндап өтті.

          Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Е.Қарабаев: «2014 жылдың 3 айында жергілікті соттарда 386 қылмыстық іс түсіп, 326-ы қаралған. Оның ішінде 206 адам жөніндегі 158 іс бойынша үкімдер шығарылған, 183 адам жөніндегі 157 іс өндірістен қысқартылған, 1 іс 5 адам жөнінде   қосымша тергеуге жолданған, заңмен тыйым салынған әрекеттерді есі дұрыс емес халде жасаған 1 адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған».

           Мұнан соң азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары жайлы баяндалды. Облыс бойынша шығарылған сот актілерінің 94,5 пайызы іс жүргізу және материалдық заң талаптарына сәйкес келетінін айтып өтті. Облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі алқа төрағасы Қ.Адранов «өндіріске түскен арыздардың санының өсуі сот билігінің қолжетімділігін және сот актілерінің заңды әрі негізді қабылдануы халықтың сотқа деген сенімінің жылдан жылға артып келетінін көрсетеді», деп пікірін білдірді.

            Сонымен қатар, Қызылорда қалалық сотының төрағасы А.Бабатовтың баяндамасы тыңдалды.

            Судья әдебі комиссиясының төрағасы Б.Ө.Қиязов «Судья әдебі жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы жөнінде», арыз-шағым қарайтын топтың жетекшісі А.Әнуарбеков «Қызылорда облыстық сотының арыз-шағым қарайтын тобының атқарған жұмысы» тақырыбында баяндама жасады. «Сот имиджін көтеру, құқықтық насихаттау және БАҚ-дарымен байланыс жасау жұмысы жайлы» баяндамасымен баспасөз қызметінің үйлестірушісі С.Ү.Баймаханов таныстырды.

            Кеңейтілген кеңес соңында Қызылорда облысы соттарының 2014 жылдың 3 айында атқарған жұмыстарын облыстық сот төрағасы  Н.М.Қайырбеков қорытындылап өтті.

            Жиын барысында Судьялар Одағы Қармақшы аудандық сотының судьясы К.Қаниеваны облыс бойынша 2013 жылдың «Үздік судьясы» ретінде, ал Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Р.Шамшиевті «Алғыс хатпен» марапаттады.

 

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі