Жаңақорған аудандық соты, аудандық әкімдік, прокуратура және аудандық пробация қызметі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жаңақорған аудандық сотының ұйымдастыруымен «Қылмыстық істер бойынша қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жазаны тағайындау және оның орындалуы» тақырыбында «дөңгелек үстел»  өткізілді.

«Дөңгелек үстелге» Жаңақорған аудандық сотының төрағасы Н.О.Қосанов, Жаңақорған ауданының әкімінің орынбасары Б.Е.Айтбембет, аудан прокуроры Н.С.Дүйсенбаев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азамматтық хал актілерін тіркеу бөлім басшысының орынбасары С.Ә.Өмірбеков, аудандық пробация қызметі басшысының міндетін атқарушы А.У.Момбеков, аудандық ішкі істер бөлімінің өкілдері, кент әкімінің қызметкерлері және «Жаңақорған тынысы» аудандық газетінің тілшісі А.Жарықбаев қатысты.

Аудандық сот төрағасы Н.О.Қосанов Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде көзделген қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазасының ұғымдары, қоғамдық жұмысқа тарту мерзімдері, аталған жұмыстарға тартылуға жатпайтын тұлғалар жөнінде атап өтті.

Сонымен қатар, Қылмыстық атқару Кодексі бойынша қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны орындау мәселелеріне тоқталып, сот өндірісінде қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза қолданылған істердің статистикалық деректерін жариялап, тиісінше қоғамдық жұмыстарға тарту  жазаны кеңінен қолдану мәселелерін алға тартты.

Аудан прокуроры Н.С.Дүйсенбаев аудан бойынша сот үкімдерімен белгіленген қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаларға прокурорлық қадағалау мәселелері жөнінде қозғады.

Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Б.Айтбембет, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азамматтық хал актілерін тіркеу бөлім және жергілікті атқарушы органдардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны орындау кезіндегі өкілеттіліктері, аталған жазаны орындау барысында атқарылып жатқан мәселелерге тоқталды.

Аудандық пробация қызметінің өкілі А.Момбеков қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны орындау тәртібі, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза мерзімін есептеу, жаза өтеу шарттары, жаза өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық мәселелері, пробация қызметінің жазаны орындау кезіндегі өкілеттіліктері жайлы әңгімеледі.

«Дөңгелек үстелдің» қорытындысымен қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны қолдану аясын кеңейту мақсатында Жаңақорған аудандық соты, аудандық прокуратура, аудандық пробация қызметі және аудан әкімдігі арасында қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны қолдану мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы Меморандум жасалып, қол қойылды.

Қайнар: 
Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі