«ЖАҢА КҮН» БАҒДАРЛАМАСЫНДА ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазіргі уақытта дербес сот билігін құрып отырған мемлекетімізде судьялардың қоғам талабына сай, тиімді сот төрелігін жүргізу барысындағы жауапкершіліктеріне баса назар аударылып отыр. Барлық соттарда сот әділдігін жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарын ашық көрсету үшін сот органдары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған.

Осыған орай Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Қайрат Адранов пен облыстық соттың арыз-шағым қарайтын тобының мүшесі - отставкадағы судья Мырзамұрат Имандосов «Қазақстан - Қызылорда» телеарнасындағы тікелей эфирде өтетін «Жаңа күн» бағдарламасына сұхбат берді.

Сұхбат барысы Еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында өрбіді.

Алқа төрағасы Қ.Адранов «сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс» - дей келе, Елбасы жолдауында айтылған сот билігінің алдындағы тың міндеттерді айтып өтті.

Сондай-ақ, алқа төрағасы Қызылорда облысы соттарының судьялары өткізетін барлық іс-шаралар тек сот төрелігін сапалы атқаруды қамтамасыз етуге бағытталғанын айырықша атап өтіп, облыс соттарының қазіргі хал-ахуалын тілге тиек етті.

Тікелей эфир барысында Қызылорда облыстық сотының алқа төрағасы мен кеңесшісі тілшімен еркін әңгіме-дүкен құрып, өзге де сұрақтарға жауап берді.

 

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі