Жалағаш аудандық сотында азаматтық іс партисипативтік рәсім негізінде тоқтатылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

ҚР Азаматтық процесуалдық кодексінің міндеттерін жүзеге асыру мақсатында азаматтық іс тараптардың адвокаттарының жәрдемдесуімен олардың келіссөздер жүргізуі арқылы дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаумен аяқталды.

Жалағаш аудандық сотына талапкер А. жауапкер Ж-дан қарыз ақша өндіру туралы талап арызымен жүгінген болатын.

Істі сот талқылауына дайындық барысында, алдын ала сот отырысында іс бойынша төрағалық еткен судья Т.Қ.Темірбаев тараптарға дауды татуласу рәсімдерін жүргізу арқылы аяқтау құқықтарын түсіндірген.

Осыдан соң тараптар дауды партисипативтік рәсіммен шешу туралы келісімді бекіту үшін сотқа арыз түсірген.

Дауды тараптар мүддесі үшін адвокаттардың партисипативтік келісім арқылы шешуі заңға қайшы еместігін, сонымен қатар, тараптар арасындағы бітімгершілік өзге тұлғалардың мүддесіне нұқсан келтірмейтіндігін ескере отырып, сот дауды партисипативтік рәсіммен шешу туралы келісімді бекітті.

Келісім шарттары бойынша талапкер А. өзінің талабынан бас тартады, ал жауапкер Ж. қарыз ақшаны келісілген мерзімде қайтаруды міндетіне алып, шарт жасады.

Қазақстан Республикасының Салық Кодексінің 548-бабы 1-бөлігі 1-2-тармағына сәйкес, талап қоюшының сотқа жүгінген кезінде төлеген баж салығы бюджеттен толығымен өзіне қайтарылды. 

Партисипативтік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Жалағаш аудандық сотының баспасөз қызметі