Судьялар Одағы мерекелік көңіл-күй сыйлады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Бұл күні күн мен түн теңеледі. Табиғат, Жер-Ана, жан-жануарлар түлейді, жаңарып, тал-теректер бүршік жарады. Бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйім халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады.

Ұлыстың Ұлы күні – наурыз мерекесіне орай ҚР Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы Макаренко атындағы жетім балалар мен ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 мектеп-интернатына қазақтың ұлттық аспабы домбыраларды тарту етіп, домбыра үйірмесінің ашылуына ұйытқы болды.

Осыған дейін де Судьялар Одағы мектеп-интернатқа спорт құралдарын сыйға беріп, спортпен шұғылдануға арналған жаттығу залының ашылуына мұрындық болған еді.

Балаларды арнайы наурыз мерекесімен құттықтап барған Қызылорда облыстық сотының төрағасы Н.М.Қайырбеков пен Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы және мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы И.М.Сматов ізгі тілектерін жеткізді.

Олар балаларға мықты денсаулық, бақытты балалық өмір, қазақтың ұлттық өнерінің дәріптеуіне үлес қосар азаматтары болып, биік белестерге жетулеріне тілектестігін білдірді.

Мектеп-интернат ұжымының директоры Марат Жүсіпәлиев өз кезегінде Судьялар Одағының қомқорлығына ризашылығын білдірді.

Айта кетерлігі домбыра үйренуге интернат тәрбиеленушілері өздері ниет білдіріп, өтініш білдірген-ді. Үйірменің алғашқы мүшесі Далиев Самат Қорғанбекұлы алғыс ретінде домбыра шертіп, күй орындап берді.

Жетім балалар мен ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға елдің игі жақсылары қолдан келген көмегін жасап, үнемі назардан тыс қалдырмаса нұр үстіне нұр болар еді.

Сонымен қатар, ҚР Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалы мереке қарсаңында қалалық сәбилер үйіне тарту жасап, асханасын жаңа құнды ыдыс жабдықтармен толтырды.

 

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі