Медиацияның көмегімен отбасын сақтап қалды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Арал аудандық сотында талап қоюшы Т-ның жауапкер М-мен арасындағы некені бұзу туралы азаматтық ісі қаралды. Талап қоюшы талабында, жауапкермен заңды некеде тұратынын, ортақ некеден кәмелетке толмаған төрт балаларының барын, араларында өзара түсіністік пен бір-біріне деген сыйластықтың жоғалуына байланысты жауапкермен некелік қатынастың үзілгенін, татуласудың мүмкін еместігін, мүлікке қатысты даудың жоқ екенін, ортақ шаруашылықтың жүргізілмейтінін, осыған орай араларында тіркелген заңды некені татуласу мерзімін тағайындамай бұзуды сұраған.

Сотпен істі қарауға дайындық барысында, тараптарға пилоттық жобаға қатысу жөнінде өз ұстанымдарын білдіру және олардың арасында келісім болған жағдайда, медиатормен медиация жүргізу туралы тараптардың жазбаша келісімін жолдау ұсынылған.

Көрсетілген мерзім ішінде тараптар кәсіпқой медиатор Б.Бердалиевтің қатысуымен медиация тәртібімен келісімге келіп, сотқа медиативтік келісімді ұсынған.

Медиативтік келісімге сәйкес, талап қоюшы некені бұзуды талап етпейді және ерлі-зайыпты ретінде бірге әрі қарай өмір сүруді жалғастыруды қалайды, ал, жауапкер өз кезегінде жұбайына сыйластықпен және түсіністікпен қарауға, отбасына жеткілікті түрде көңіл бөлуге міндеттенеді. Тараптар арасында өзге дау туындамаған және олар азаматтық істі қарауды әрі қарай жалғастырудан бас тартқан.

Сот ұйғарымымен дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы тараптар арасында жасалған келісім бекітіліп, азаматтық іс өндірістен тоқтатылып, 681 теңге көлемінде төленген мемлекеттік баж алымы талап қоюшыға қайтарылды.

Қайнар: 
Арал аудандық сотының баспасөз қызметі