Қызылорда облысы соттарының судьялары татуластыру рәсімдері бойынша енгізілген пилоттық жобаны талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда қалалық сотының ұйымдастыруымен Қызылорда облысының «Достық үйі» ғимаратының мәжіліс залында жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны талқылау мақсатында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға «Медицияны дамыту орталығы» РҚБ-нің Қызылорда облысы бойынша өкілеттігінің кәсіби және кәсіби емес медиаторлары, Қызылорда қалалық, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарының судьялары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шара барысында Қызылорда қалалық сотының судьясы Камшат Садуақасова: «аталмыш пилоттық жоба баланың мүдделеріне, еңбек дауларына, мұрагерлік, көршілердің арасындағы жер учаскесінің шекараларын анықтау, пәтерді су басу, сондай-ақ, пәтерден шығару туралы, некені бұзу және мүлікті бөлу, қарыз келісімшарттары, сақтандыру санаттарына қолданылады», - дей келе, пилоттық жобамен қалалық сотта қаралған істердің барысына тоқталды.

Медиатор Л.Бектибаева «жоба татуластыру рәсімдерінің қолдану аясын кеңейтуге, азаматтардың сот шығындарын азайтуға, сотқа қатысушы тараптардың дауларды соттан тыс реттеуге қызығушылығын арттыруға бағытталған», -деді.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, жобаны кеңінен халыққа таныстыру мақсатында ұсынымдар келтірді.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

Қайнар: 
Қызылорда қалалық сотының баспасөз қызметі