Қызылорда қаласының № 2 сотында брифинг өткізілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда қаласының № 2 сотының судьясы Балғабай Жаңабаев сотта қаралған қылмыстық іс бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.

Брифинг барысында судья Б.Жаңабаев жәбірленушілердің денсаулығына қауіпті емес күш қолданып, бірнеше рет, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бөтеннің мүлкін ашық тонаған сотталушылар Б., Н. және А-ға қатысты қылмыстық іс бойынша мәлімет берді.

Сотпен анықталғаны, сотталушы Б. өзінің жақын достары сотталушылар Н. мен А-ны кездестіріп, көңіл көтеру үшін кафеге барған. Кафе сыртына шыққан сотталушылар Б. мен Н. жәбірленуші Д-ны көріп сөйлесу үшін қараңғы жерге апарып, жерге құлатып, ұрып-соғып жәбірленуші Д-ның қолындағы құны 19 000 теңге тұратын «Аймсти» үлгісіндегі қол сағатын «порше» атты қара түсті әмиянын, оның ішіндегі 8 000 теңгесін, жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін және 70 000 теңге тұратын «Мезу» үлгісіндегі ұялы телефонын тартып алып, кафе ішінде отырған досы А-ны өздерімен бірге алып шығып, қылмыс орын алған жерден бой тасалап кеткен.

Бұдан кейін де сотталушылар Б., Н. және А. басқа көшеде орналасқан кафеге барғанда, сотталушы Б. кафе ішінде масаңқы күйде отырған жәбірленуші С-ның есеп шотты төлеу үшін қалтасынан қомақты ақшаны шығарып жатқанын көреді. Сотталушы Б. жәбірленуші С-ның алкогольді еліту күйінде тұрғанын пайдаланып, оны темекі тарту үшін кафе сыртына өзімен бірге алып шыққан уақытта, сотталушылар Б., Н. және А. өздерінің жоспарлаған қылмыстық ниеттерін ақырына дейін жеткізу мақсатында, айналасында бөгде адамдардың жоқтығына көз жеткізіп, оның бас тұсынан, бетінен, денесінің ашық тұрған жерлерінен бірнеше мәрте теуіп жатқан кезде, жәбірленуші С-ның досы М. шулаған дауысты естіп сыртқа шығып, өзінің досының таяқ жеп жатқанын көріп қасына келіп араша түсіп, оны көтеріп алып екеуі бірге жаяу қашқан.

Ал, сотталушылар болса таксимен қуып жетіп, жәбірленуші С-ның артынан теуіп кұлатып, ұрып-соғып сол қалтасында тұрған 80 мың теңге ақшасын ашық түрде жымқырып, қылмыс орын алған жерден бой тасалап кеткен.

Нәтижесінде, сотталушылар өздерінің қылмыстық іс-әрекеттерімен жәбірленуші Д-ға  97 000 теңге, жәбірленуші С-ға 80 000 теңге мүліктік шығын келтірген.

Сотталушылар Б. мен Н. Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігінің 1,2,3) тармақтарымен кінәлі деп танылып, олардың мүлкі тәркіленіп, 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Ал, сотталушы А-ға Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігінің 1,3) тармақтарымен кінәлі деп танылып, оның мүлкі тәркіленіп, 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Сотталушылар Б. мен А-ға қылмыстық кодексінің 44-бабының 1-бөлігінің тәртібі бойынша 3 (үш) жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленіп, олар жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына 140 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылды.

Сотталушы Н-ға қылмыстық кодексінің 44-бабының 1-бөлігінің тәртібі бойынша 3 (үш) жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Брифинг соңында БАҚ өкілі қылмыстық іс бойынша қойған сауалдарына нақты жауаптарын алды.

Қайнар: 
Қызылорда қаласының № 2 сотының баспасөз қызметі