Қазақтың басты құндылығы – тәуелсіздік

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

 

Бірер күндерден соң жерінің асты сарқылмас байлыққа, жерінің үсті парасатты халыққа толы Қазақстан елі Тәуелсіздігінің 23 жылдығын зор салтанатпен атап өткелі отыр. Көк туын желбіреткен, Әнұранын шалықтатқан елімізді қазірде бүкіл әлем мойындайды. Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті.

Алаштың айбынын асырып, ата-баба армандаған күнге жетіп, жасампаздықтың даңғыл жолына түскенімізге аз ғана мерзім болса да, мемлекеттілікті қалыптастырудың үлкен үлгісі артта қалып, жаңа Қазақстан тарихының айқын беттері ашылды.  Осыдан 23 жыл бұрын Қазақстан халқының тәуелсіздігі арқасында әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет - Қазақстан Республикасы пайда болды. Содан бастап тамыры тереңге тартқан баба тарихына бай, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін мәдени мұрасы мол, жаңашылдыққа ұмтылатын экономикалық және рухани әлеуеті зор Қазақ елі әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып, өркениеттік дамуға өз үлесін қосып келеді. Ал, Қазақстанның бүгінгі жетістігі – тұтастай қазақ халқының жетістігі.

Сондықтан да, өткен ғасырдың 1991 жылғы 16 желтоқсанында Президент Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық Заңынан бастау алған тәуелсіздігіміздің әрбір жылындағы жалынды істер туралы кешегі жүрген тарихымызға тағы бір үңіліп шығу, Тәуелсіздікке тәу етумен бірдей.

Қазақстанның негізін қалаушы, еліміздің Тұңғыш Президенті    Н.Ә.Назар­баев халықты жарқын істерге жұмыл­дыру, қоғамдағы татулық пен келі­сім­ді нығайту арқылы бүкіл халықаралық қоғам­дастықтың ризашылығы мен құрме­тіне ие болды. Мемлекет бас­шы­сының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиын­дықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу және өркендеу даңғылына шықты.

Тұңғыш Президент сай­лауы арқылы қазақ халқы өз басшысының бұрынғыдай орталықтан әкелініп тағайын­дал­майтынын сезінді. Мемлекеттің тізгіні өз қолымызға көше бастағанын айқын аңғар­дық. Ал жаһандық деңгейдегі бастаманы алатын болсақ, тұңғыш рет Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бұл нағыз батыл түрде жүзеге асқан тарихи бастамалар болатын. Бұдан басқа да ел ішіндегі, халықаралық деңгейдегі беделді бастамалар жеткілікті. Мысалы, Қазақстан ТМД елдерінің ара­сында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Астана өз жеңісі арқылы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізу мүмкіндігіне ие болды. Бұл да ТМД елдері мен Орталық Азия аймағында өтетін тұңғыш халықаралық шара болмақ.

1995 жылғы Конституцияның қабыл­да­нуы еліміздің құқықтық іргетасын қалауда да, мемлекеттіктің одан әрі дамып қалыптасуында да зор маңызға ие болды. Жаңа Конституция президенттік билікті бекітіп, оны биліктің басқа тармақтарынан ажы­рат­ты. Сот билігі ха­лық­тың Конституциямыздағы, заңнамалар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерде көрсетіл­ген азаматтардың және заңды тұлғалардың құ­қық­тары мен бостандықтарын қорғауда, заңды тұл­ғалар мен басқа да ұйымдардың жұмыстарында заң үстемдігін қамтамасыз етуде елеулі рөл атқарып келеді.

25 желтоқсан 2000 жылы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңның қабылдануы ұлттық сот  жүйесіндегі тарихи елеулі оқиға болды. Егемен еліміздің тәуелсіз сот жүйесін жетілді­руде аталмыш заң, ғасыр жүгін арқалады десек, асыра айтқандық емес. Осы уақыт аралығында мамандандырылған соттар құрылды, үш сатылы сот жүйесі жұмыс істей бастады. Бұдан өзге де сот саласында атқарылған шаралардың барлығы еліміздің тәуел­сіздігін нығайту мен ел азаматтарының құқық­тары мен бостандықтарын қорғауға бағытталып отыр.

Біздің экономикалық жетістігіміз де көптеген елді тәнті етіп жатыр. Даму қарқыны жағынан әлемнің үштігіне ендік. ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында Елбасы әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру туралы межені белгілеп еді. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингіне сәйкес, біз бәсекелі елуліктің табалдырығына шығып, бұл межені де өзіміз болжаған мерзімінен бұрын еңсеріп келеміз. Дәл осындай даму адуынына ТМД кеңістігіндегі елдердің ешқайсысы қол жеткізген емес. Дегенмен осынау жетіс­тіктердің баршасы уақытша болмауы шарт. Тәуелсіздікті жариялап, орнықты ету оңай емес, ал оны мәңгілік баянды етіп ұстап тұру одан да қиын шаруа екенін Елбасы ұдайы еске салып та жүр. 

Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күнінде еліміздің туы асқақтап, келешегі көркейе берсін. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын! Ең бастысы рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялап, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтап, әлемдік сахналарға көтеріле берейік!

Қайнар: 
Ерден Боранбаев, Қызылорда облыстық сотының кеңсе басшысының орынбасары