Аудандық соттың судьялары пилоттық жобаны іске асыру туралы ережені талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазалы аудандық сотында судьялардың қатысуымен  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен бекітілген «Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы ереже талқыланды.

Шара барысында аудандық сот судьясы Қ.Т.Мыханов  пилоттық жоба азаматтық сот ісін жүргізуде міндетті медиацияны енгізу және одан әрі дамыту мақсатында жүзеге асырылатынын, оның міндеттері татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын барынша азайту, халықтың соттан тыс дауды (жанжалды) реттеу мүдделілігін анықтау болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, пилоттық жобаның баланың мүдделеріне орай (баланың тұрғылықты жерін анықтау, ата-ананың баламен араласу тәртібін анықтау туралы, баланы басқа адамдардан тартып алу туралы, жиырма бір жасқа дейінгі оқу орнында оқитын кәмелетке толған балаларға алимент өндіру жайлы), Еңбек Кодексінде міндетті сотқа дейінгі келісім комиссиясына жүгіну тәртібі көзделмеген еңбек даулары, мұрагерлік, көршілердің арасындағы жер учаскесінің шекараларын анықтау, пәтерді су басқандығы туралы, пәтерден шығару, кондоминиумды басқару мәселелері бойынша, некені бұзу және мүлікті бөлу туралы, қарыз келісім шарттары бойынша, сақтандыру шарттары бойынша туындаған даулардың санаттарында қолданылатынын айтты.

Сонымен қатар, пилоттық жобаны жүргізуге кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар, азаматтық істер қарайтын аудандық және оған теңестірілген соттар, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар және медиаторлар қатысатынын баяндап, Ереженің талаптарына сәйкес  медиацияны жүргізудің тәртібін  түсіндірді.

Шараны аудандық соттың төрағасы Қ.Темірбаев қорытындылап,  судьяларға  пилоттық жобаны жүзеге асыру туралы ереже талаптарына сай тиісті іс-шараларды атқару қажеттігін айтты.

Қайнар: 
Қазалы аудандық сотының баспасөз қызметі