Арал аудандық сотында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңын қолдануға байланысты сұрақтар бойынша дөңгелек үстел өткізілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Арал аудандық сотында сот төрағасы Е.Тұрбаевтың төрағалық етуімен дөңгелек үстел өткізіліп, онда «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңын қолдануға қатысты сұрақтар талқыланды.

Шараға аудандық соттың судьялары, аудандық прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімінің және пробация қызметінің қызметкерлері қатысты.

Сот төрағасы Е.Тұрбаев өз сөзінде, рақымшылық жасау туралы заңды қолданудың маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталып, рақымшылық жасау ізгілік актісі болып табылатынын, заң бұзған азаматтарға қатысты мемлекет тарапынан мейрімділік пен сенім білдірудің көрінісі екенін айтып өтті. Сондай-ақ, сот төрағасы аталмыш заңның негізінен азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына, яғни, кәмелет жасына толмағандарды, жүкті әйелдерді, кәмелет жасына толмаған балалары бар әйелдерді, қарт адамдарды, мүгедектерді, сондай ақ, болмашы және ауыр емес қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жазадан босатуды көздейтінін тілге тиек етті.

Судья Д.Мұратбекұлы сотталғандарды рақымшылыққа ұсынатын органдар тарапынан, заңда көзделген құжаттарды, сондай-ақ, сол санаттағы адамдардың әлеуметтік осал топқа жататындығын бектітетін құжаттардың ұсынылуы тиіс екендігі және де бұндай әрбір жағдайларға жекеше тәртіпте баға берілуі қажет екендігі айтылды.

Дөңгелек үстелге қатысушылармен рақымшылық туралы актінің дәл және біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету және оны тәжірибеде іске асыру  мәселелері талқыланды.

Сот төрағасы шараны қорытындылап, рақымшылыққа байланысты жауапты міндет өзге де құқық қорғау органдарымен қатар, соттарға да жүктелетінін, сондықтан аталмыш заңды тәжірибеде дұрыс қолдану үшін мұқият оқып-үйренуді қажет ететінін атап көрсетті.

 

Қайнар: 
Арал аудандық сотының баспасөз қызметі