Оқу орталығының ережесі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

БЕКІТЕМІН

                                                                          Қызылорда облыстық сотының   

                                                                          төрағасы

                                                                           ______________      Қ.Нұрышев

 

        «____»  __________    2018 жыл

 

 

Қызылорда облыстық сотының Аймақтық оқу орталығы туралы

                                                  ЕРЕЖЕ

 

                                        І.Жалпы ережелер

 

1.1. Қызылорда облыстық сотының Аймақтық оқу орталығы (бұдан әрі –Оқу орталығы) Қызылорда облыстық сотының білім беру органы болып табылады.

        1.2. Оқу орталығы Қызылорда облысының судьяларының білімін үздіксіз жетілдіру, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту және сот процестерін   жүргізу мәдениетін көтеру мақсатында құрылған.

        1.3. Қызылорда  облыстық сотының аймақтық оқу орталығы өз қызметінде Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңын және сот оқуы саласындағы басқа да актілерді басшылыққа алады.

 

            ІІ.Оқу орталығының  міндеттері мен функциялары

 

2.1. Оқу орталығының негізгі міндеттері:

  • сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын жақсарту мақсатында судьяларды және сот жүйесін қызметкерлерін үздіксіз сот оқуымен қамтамасыз ету;
  • халықаралық стандарттарды ескере отырып сот жүйесін одан әрі    жетілдіруге жәрдемдесу;
  • заң ғылымы, білім беру және сот практикасы арасындағы байланыстарды нығайтуға жәрдемдесу.

2.2. Оқу орталығының негізгі  функциялары  мыналар болып табылады:

  • судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің оқуға қажеттілігін талдау;
  •  судьялардың қажеттіліктеріне сәйкес олардың республикалық және өңірлік деңгейдегі оқыту іс-шараларына қатысуын қамтамасыз ету;
  • аудандық, облыстық және оған теңестірілген соттар судьяларының жоғары тұрған соттарда тағылымдамадан өтуге және судьялар мен сот қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы  Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясында (бұдан әрі – Сот төрелігі академиясы)  біліктілікті арттыру курстарында оқуға қажеттілігін зерттеу;
  • судьяның тағылымдамаға дейінгі және тағылымдамадан кейінгі кезеңдегі жұмысын салыстырмалы талдау арқылы  оның нәтижелерін жыл қортындылары бойынша кеңестерде талқылап, тағылымдамалардың нәтижелігіне мониторингті жүзеге асыру;
  • Сот төрелігі академиясында біліктілікті арттыру курстары бойынша оқудан өткен судьялардың оқуға дейінгі және оқудан кейінгі жіберілген қателіктерінің себептерін анықтай отырып, сот актілерінің сапасы туралы деректерге салыстырмалы талдау жасау;
  • судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің қашықтықтан оқыту технологиясының бағдарламаларына қол жеткізуін қамтамасыз ету;
  • оқу іс-шараларын тиімді меңгеруге және іске асыруға ықпал ететін оқу-әдістемелік материалдармен оқып-үйренушілерді қамтамасыз ету;
  • тәлімгерлік бағдарламасының жұмысын ұйымдастыруды үйлестіру және оған әдістемелік көмек көрсету;
  •  жұмыс нәтижелерін талдап, тәлімгер мен жас судьяның есебі арқылы тәлімгерлік бағдарламасының тиімділігін бағалау;
  • өздігінен оқу, жеке жоспар жасау мәселелерінде судьяларға әдістемелік көмек көрсету және тақырып бойынша материалдар беру;
  • сот жүйесін дамыту мәселесі жөнінде семинарлар, дөңгелек үстелдер, тренингтер ұйымдастыру және өткізу;
  • судьяларға көмек ретінде семинарлардың материалдары бойынша жинақтар, оқу-әдістемелік құралдар, брошюралар, буклеттер шығаруды жүзеге асыру;   
  •  судьялардың біліктілігін арттыруға бағытталған өзге де функциялар.

 

 

                         ІІІ.Оқу  орталығының  жұмысын  ұйымдастыру

 

        3.1.Облыстық соттың оқу орталығына жалпы басшылықты оқу бағдарламаларын үйлестіруші – облыстық соттың судьясы жүзеге асырады.

        Оқу орталығының басшысы Оқу орталығының жұмысын ұйымдастырады және модераторлардың қызметін үйлестіреді, ол үшін:

- соттардың құқыққолдану практикасының нәтижелерін және судьялардың  оқуға қажеттілігін ескере отырып модераторлармен бірлесіп,  облыстық соттың алқа төрағаларының келісімімен  лекциялардың семинарлардың,  практикалық сабақтардың тақырыптарын белгілейді;

         -  келісу үшін облыстық сот төрағасына  Оқу орталығының жұмыс жоспарларын ұсынады;

          - облыстық сотта тағылымдамадан өтетін судьялардың  кандидатуралары бойынша облыстық соттың төрағасына ұсыныс береді;

          -   жартыжылдықтың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде облыстық соттың төрағасын хабардар етеді,  жылдың қорытындысы бойынша есеп береді;

          -   оқу процесін жетілдіру, сондай-ақ  оқу бағдарламаларына белсене қатысқан   судьяларды марапаттау жөнінде  облыстық сот төрағасына ұсыныстар келтіреді.

         Оқу орталығының мүшесі – модератор  секция жұмысын ұйымдастырады, ол үшін:

           -  секция бойынша оқу жоспарына сәйкес оқу сабақтарының өтуін ұйымдастырады;

           - тағылымдама жоспарын орындауға қатысты  жас судьяның  тағылымдама жетекшісіне  практикалық көмек көрсетеді;

           -  судьяның тағылымдама нәтижелерін талқылауға байланысты алқа отырысына қатысады.

 

                             IV. Оқу процесін ұйымдастыру

 

       4.1. Оқу жоспарының басым нысандары мен әдістері, оның ішінде  оқу -үйрену жоспарларына  өзгертулер мен толықтырулар енгізу  облыстық соттың басшылығымен келісіледі.

       4.2. Оқу орталығында оқып-үйрену  төмендегі секциялар бойынша жүргізіледі:

  • азаматтық құқық пен процесс;
  • қылмыстық құқық пен процесс;
  • әкімшілік құқық пен процесс;
  • сот қызметкерлерін оқып-үйрету.

        4.3. Оқу процесі төмендегі бағыттарда ұйымдастырылады:

- жеке оқу;

- аудиторлық оқу;

- тағылымдама түрінде;

         Жеке оқу тікелей басшымен (алқа төрағаларымен немесе тиісті сот төрағасымен) бекітілген оқудың жеке жоспары негізінде судьялармен жүзеге асырылады.

 Аудиториялық сабақтар облыстық сот төрағасымен келісілген, оқу жылына арналған Оқу орталығының жұмыс бағдарламасы негізінде үш бағыт бойынша жүзеге асырылады:

- дәрістер;

- семинарлар (облыстық, топтық, секциялық):

- практикалық сабақтар.

        Оқу орталығы оқыту процесінде үйлестіру  және анықтамалық материалдарды бере отырып, ролдік ойындар, топтағы жұмыс, пікірталас, тренингтер, талқылаулар, техникалық құралдар – Power Point сияқты интерактивті әдістерді және т.б. қолдануы мүмкін.

        Оқытуды мамандануы бойынша жеткілікті сот тәжірибесі бар облыстық соттардың судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, жоғары оқу орындарының оқытушылары арасынан дәріс оқушылары, сонымен қатар мемлекеттік органдардың және басқа ұйымдардың өкілдері өткізеді.

         Ақпарат көздерін және өз бетімен оқу тетігін (мерзімдік басылымдар, қашықтықтан оқыту технологиясы, сот практикасын қорытындылау, санаттағы істер жөніндегі сот шешімдері, кітаптар және басқа да материалдар)  кеңейту және қол жетімді ету арқылы облыс сотының оқу орталығы судьяларға өз бетімен оқуға әдістемелік көмек көрсетеді

 Қазақстан Республикасы сот оқуының 2016-2020 жылдарға арналған стратегиясының  қашықтықтан оқытуды дамыту жөніндегі қағидаларын іске асыру  және  оқу процесіне судьялар мен сот қызметкерлерін толық қамту мақсатында облыстық сот пен  аудандық және оған теңестірілген соттар  бейнеконференц-байланысымен жабдықталған.

Оқу орталығының аудиторлық оқулары бейнеконференц-байланысы арқылы өтеді.

 

                      V. Судьялардың тағылымдамасы

 

        5.1.Тағылымдама судья үшін нақты көмек болып табылады, олардың   тәжірибесін шыңдауға жәрдемдеседі әрі тәлімгерлікпен, менторлықпен, семинарлармен, конференциялармен, дөңгелек үстелдермен және т.б. қатар үздіксіз сот оқуының міндетті бағдарламаларының бірі болып табылады.

5.2.Аудандық соттар судьяларының  облыстық соттағы тағылымдамасы тағылымдамадан өту кестесіне сәйкес жүргізіледі, ол оқу орталығында әзірленеді, алқа төрағаларымен келісіледі және оны облыстық соттың төрағасы бекітеді.

        Кесте құқықтың неғұрлым ұқсас саласы бойынша маманданып жүрген бірнеше судья тағылымдамадан бір мезгілде өтетіндей етіліп  әзірленеді.

        Тағылымдамадан өту кестесі алдағы жарты жылдыққа жасалады және судьялардың  жоғары тұрған сотқа уақытында келуін қамтамасыз ету мақсатында істерді қарау жөніндегі жүктемеге түзету енгізу үшін тиісті соттарға алдын ала жіберіледі.

        5.3.Тағылымдамаға облыстық сотттың судьялары қатарынан тағайындалатын, тағылымдамадан өтуші судьяның мамандану бағытымен неғұрлым сәйкес келетін тиісті жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті судьялар жетекшілік етеді.

        5.4.Тағылымдамадан өту қорытындылары соттың тиісті алқасында талқыланады, судьяның жазбаша есебін тиісті сот алқасының төрағасы бекітеді.

 

                    VI.  Тәлімгерлер кеңесімен іс-қимыл

 

         6.1.Тәлімгерліктің мақсаты алғаш рет тағайындалған судьялардың біліктілігін арттыруына және судьялық дағдыларын қалыптастыруына, олардың кәсіби қызметін жетілдіруге көмек көрсету болып табылады.

          6.2 Өңір бойынша тәлімгерлердің құрамы облыстық сот төрағасының өкімімен бекітіліп, аудандық және оған теңестірілген соттарға (бұдан әрі - аудандық сот) назарына жеткізіледі. Тәлімгерлердің бекітілген құрамы жаңартыла және толықтырыла алады.

          Тәлімгерлер кәсіби қабілеті жоғары, жұмысында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, ұжымда беделді, неғұрлым тәжірибелі аудандық соттар судьяларының арасынан тағайындалады.

         Аз құрамды аудандық соттарда тәлімгерлік жұмыс осы соттардың төрағаларына немесе жоғары тұрған соттың судьяларына жүктелуі мүмкін.

          Облыстық соттарда  тәлімгерлер үшін семинарлар ұйымдастырылады.  Тәлімгерлікті үйымдастырудың тәжірибесі зерделенеді, жинақталады және таратылады;

  6.2..Оқу орталығы  сот әдебі комиссиясымен бірлесіп жас судьялар үшін семинар сабақтарын өткізеді.

 

 

                           VII. Қорытынды ережелер

 

7.1. Оқу орталығының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі Қызылорда облыстық сотының кеңсесімен  жүзеге асырылады.

7.2. Облыстық соттың төрағасы Оқу орталығының, судьялардың (дәріс оқушылардың), соның ішінде әр түрлі конкурстардың қорытындылары бойынша – үздік тәлімгер, үздік дәріс оқушы, үздік тағылымдаманың жетекшісі, үздік маман және т.б. бойынша жұмыстарын ынталандыруға бағытталған шаралар қолданады.